АСТАНА. 12.05.2026. Munarmedia.kz –Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, елдің оңтүстік өңіріндегі екі колледж бес жыл бойы студенттерді жалған тіркеу арқылы мемлекеттен заңсыз қаржы алып келген.
Оқу орындарының бірі – медициналық колледж студенттерді ақылы бөлімде оқыса да, оларды мемлекеттік грант иегері ретінде рәсімдеп отырған. Ал екінші колледж іс жүзінде жұмыс істемеген, тек бюджет қаражатын алу құралы ретінде қағаз жүзінде ғана тіркелген.
Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асқан.
Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырған адамның бұрын да қаржы жымқыру фактісі бойынша сотталып, түрмеде отырғаны анықталды. Соған қарамастан, ол қамауда отырып-ақ жалған құрылымдардың жұмысын үйлестіріп отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілердің мүлкіне де тыйым салынған. Атап айтқанда, үш пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш автокөлікке арест қойылды.
Қылмыстық іс бойынша бес адам айыпталушы ретінде сот алдына келеді. Күдіктілердің бір бөлігі қамауға алынған, қалғандарына елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.