Шымкентте білім саласына бөлінген 1,3 млрд теңгені жымқыру ісі сотқа жолданды

53


Munarmedia.kz 13.05.2026. АСТАНА – Шымкент қаласында білім беру саласына бөлінген 1,3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, дауға Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі тартылған. Колледждердің құрылтайшысы бұрын жасалған қаржы жымқыру қылмысы үшін түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, бюджет қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Агенттік дерегінше, азаматтар колледждерге ресми түрде студент ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде білім алмаған. Соның нәтижесінде оқу орындары кадр даярлау және қайта даярлау бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы алып отырған.

Сондай-ақ тергеу барысында жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтар, бөгде адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбалары мен жалған орындалған жұмыс актілері қолданылғаны анықталған.

Медициналық колледжде ақылы бөлімде оқитын студенттер «мемлекеттік грант иегерлері» ретінде рәсімделсе, гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде жұмыс істемеген. Аталған мекеме тек бюджеттен қаржы алу мақсатында «қағаз жүзінде» қызмет көрсеткен.

Қылмыстық схемаға оқу орындарының басшылары, бухгалтерлері және аффилиирленген тұлғалар қатысқаны айтылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушы соңғы үш жыл бойы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бола тұра заңсыз әрекеттерді сырттай басқарған.

Тергеу барысында күдіктілер мемлекетке келтірілген шығынның 65 млн теңгесін ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш автокөлікке тыйым салынды.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынса, тағы үш адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс мәні бойынша сот қарауына жіберілді.

#Шымкент #БілімСаласы #ҚаржыЖымқыру #Сот #Колледж #ҚМА #Қазақстан #Munarmedia #Жаңалықтар