Munarmedia.kz 13.05.2026. АСТАНА – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев қатысты қылмыстық іс құпия режимге ауыстырылып, Бішкек қаласының Первомай аудандық сотына жолданды. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айткулов мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, Қырғызстанның Бас прокуратурасы 12 мамыр күні айыптау актісімен бірге іс материалдарын сотқа тапсырған. Қылмыстық іс бойынша жалпы саны сегіз адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр.
Тергеу мәліметтері мемлекеттік құпия санатына енгізілгендіктен, сот отырыстары жабық форматта өтеді. Сондай-ақ іс бойынша мәліметтерді жариялауға тыйым салынған.
Бұған дейін қорғаушы Шердор Абдыкапаровтың хабарлауынша, Камчыбек Ташиев, экс-депутат Курманкул Зулушев және бұрынғы парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасында жауап берген. Ташиевтен елден шықпау және тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат алынғаны белгілі болды.
Қырғызстан күштік құрылымдарындағы дереккөздердің мәліметінше, тергеу «75-тің хаты» деп аталған үндеуге байланысты жүргізілуде. Аталған хат авторлары мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұған дейін Камчыбек Ташиевтің аталған үндеуге қатысы бар-жоғын тергеу мен сот анықтауы тиіс екенін айтқан.
Еске салсақ, 10 ақпан күні Садыр Жапаров Ташиевті Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары және ҰҚМК басшысы қызметінен босатқан еді.
Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін Камчыбек Ташиев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және құқықтық алаңда қорғанатынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол жақтастарын заң талаптарын сақтауға шақырды.
#Қырғызстан #КамчыбекТашиев #Бішкек #Сот #СадырЖапаров #Саясат #ОрталықАзия #Munarmedia #Жаңалықтар