Munarmedia.kz 13.05.2026. АСТАНА – Қытай Халық Республикасы Тяньчжоу-10 жүк ғарыш кемесін сәтті түрде орбитаға ұшырды.
Қытайдың Чанчжэн-7 Y11 зымыран тасығышы Бейжің уақытымен сағат 08:14-те Вэньчан ғарыш айлағы аумағынан көкке көтерілді. Кейін жүк кемесі Қытайдың орбиталық ғарыш станциясымен сәтті түйіскені хабарланды.
Ресми мәліметке сәйкес, Тяньчжоу-10 орбитаға шамамен 6,2 тонна жүк жеткізген. Оның қатарында ашық ғарышқа шығуға арналған жаңа буындағы скафандрлар бар.
Жаңа скафандрлардың пайдалану мерзімі ұзартылған. Бұрынғы үлгілер 15 мәрте қолданылса, жаңартылған нұсқалар 20 ретке дейін ғарыш кеңістігіне шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар анағұрлым берік, икемді әрі сенімді болып жасалған. Жылу қорғанысы да күшейтілген. Инженерлер модульдік құрылымды енгізу арқылы скафандрларды жөндеу процесін жеңілдеткен.
Бұдан бөлек, орбитаға шамамен 700 келі жанармай мен 220-дан астам қосалқы бөлшек жеткізілді.
Ғылыми жүктің ішінде биология саласына арналған тәжірибелік материалдар да бар. Зерттеулер ғарыш кеңістігінің сүтқоректілер эмбриондарының бастапқы даму кезеңіне әсерін, микрогравитация жағдайындағы сүйек массасының азаю механизмдерін және жүрек бұлшықетінің өзгерістерін зерттеуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, бұл жолы Тяньчжоу-10 орбитада 12 ай бойы болады. Бұл алдыңғы миссиялардағы жүк кемелеріне қарағанда 2–3 айға ұзақ мерзім саналады.
#Қытай #Ғарыш #Тяньчжоу10 #Чанчжэн7 #ҒарышСтанциясы #Ғылым #Технология #Munarmedia #Жаңалықтар