Тоқаев Қазақстан мектептеріне жасанды интеллект енгізуді тапсырды

61


Munarmedia.kz 13.05.2026. АСТАНА – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 2026 жылғы 12 мамырда жарияланды.

Жарлыққа сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар мектептерге жасанды интеллект жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу бойынша жоспар әзірлеуге, білім беру ұйымдарын техникалық тұрғыда жабдықтауға және оқу процесінде технологияларды қолдану стандарттарын бекітуге міндеттелді.

Құжатта Үкіметке 2026 жылғы 1 шілдеге дейін 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізудің кешенді жоспарын бекіту тапсырылған.

Аталған жоспар аясында:

— оқытудың жекелендірілген тәсілдерін енгізу;
— цифрлық инфрақұрылымды дамыту;
— педагогтерді даярлау;
— оқушылардың жеке деректерін қорғау мәселелері қамтылуы тиіс.

Сонымен қатар Үкіметке 1 маусымға дейін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фу ұсынған ұсыныстарды зерделеп, мектептерде пилоттық жобаны іске қосу бойынша нақты бастамалар енгізу тапсырылды.

Ал 1 тамызға дейін елдегі мектептерді тұрақты жоғары жылдамдықтағы интернетпен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін мектептерде жасанды интеллектіні қолданудың арнайы стандарттары бекітіледі. Бұл құжаттар:

— білім беру контентін генерациялау;
— оқу нәтижелерін бағалау;
— академиялық адалдық талаптары;
— оқу орындарында AI-құралдарын пайдалану тәртібін реттейді.

Сондай-ақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған жеке бағдарлама әзірленеді.

Құжатта жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыратын құрал емес, білім беру сапасын арттыруға арналған қосымша технология екені ерекше атап көрсетілген.

Бұдан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне 2026 жылғы 1 тамызға дейін өңірлік деңгейде жасанды интеллект енгізу жоспарларын бекіту тапсырылды. Олар пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық шаралар қабылдауы тиіс.

#Тоқаев #ЖасандыИнтеллект #Мектеп #Білім #Қазақстан #AI #Цифрландыру #Munarmedia #Жаңалықтар