Munarmedia.kz.10.09.2026.ASTANA-Қазақстандық компания Иранмен байланысына байланысты АҚШ санкциясына ілікті
АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Алматыда тіркелген «Tour Invest LLC» компаниясын санкциялық SDN тізіміне енгізді. АҚШ ведомствосының мәліметінше, бұған компанияның Иранмен байланысы негіз болған.
БАҚ-тың хабарлауынша, «Tour Invest» Иранның «Mahan Air» әуе компаниясының Қазақстандағы жергілікті сату агенті қызметін атқарған.
«Mahan Air» АҚШ санкцияларына 2011 жылдың қазан айынан бері енгізілген. Вашингтонның мәліметінше, әуе компаниясы Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының «Құдс» күштеріне қаржылық, материалдық және технологиялық қолдау көрсеткен.
АҚШ Иранның авиация саласын қолдайтын 36 ұйымға қатысты санкциялық шара қабылдады. Олардың қатарында 27 ирандық әуе компаниясы бар.
OFAC мәліметінше, «Tour Invest» компаниясының SDN тізіміне енгізілуі АҚШ-та орналасқан немесе америкалық тұлғалардың иелігіндегі не бақылауындағы компанияның барлық активтері мен мүліктік құқықтарының бұғатталуын білдіреді.
Сондай-ақ америкалық жеке және заңды тұлғаларға OFAC рұқсатынсыз бұғатталған мүлікке қатысты операциялар жүргізуге, әдетте, тыйым салынады.
Бұдан бөлек, «Tour Invest» компаниясымен жасалатын жекелеген операциялар шетелдік қаржы ұйымдары үшін қайталама санкцияларға ұшырау қаупін тудыруы мүмкін.
#Қазақстан #АҚШ #Санкция #Иран #TourInvest #MahanAir #Экономика #Қаржы #Munarmedia