Түркі әлемінің мәдени атласы мен кітабы жарық көрді

9


Munarmedia.kz.10.09.2026.ASTANA- Сібірден Адриатикаға дейін: Түркияда және шетелде түркі әлемінің бірыңғай мәдени атласы мен кітабы таныстырылды

Түркияның Ұлттық білім министрлігі (MEB) «Маариф» қорымен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған екі иллюстрациялық оқу құралын әзірледі. Бұл туралы Түркияның Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Хакан мен Билгенің түркі әлеміне саяхаты» кітабы және жоғары сынып оқушыларына арналған «Түркі әлемінің мәдени атласы: Билге мен Хаканның уақыт арқылы саяхаты» атты оқу құралы жарық көрді.

Басылымдар MEB-тің Бастауыш білім беру және Орта білім беру бас басқармалары тарапынан «Түркия ғасырлары» моделінің «Тамырдан болашаққа» тұжырымдамасы аясында әзірленген. Кітаптарға кіріспе сөзді Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текин жазған.

Оқу құралдарында оқушыларды түркі әлемінің ұлттық, рухани және мәдени құндылықтарымен, тарихи мұрасымен және түркі халықтарының ортақ болмысымен таныстыруға басымдық берілген.

Басылымдардағы оқиғалар Хакан мен Билгенің саяхаты негізінде баяндалады. Кейіпкерлердің саяхаты Тұран атасының кітапханасынан басталады. Олар ортағасырлық ойшыл Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіндегі түркі әлемінің картасын тауып, оның хатын оқиды.

Картадағы бағыт Малаѕгирттен басталып, Ахлат, Баку, Ашғабат, Самарқанд, Бішкек, Өтүкен және Мостар арқылы өтіп, Анкарада аяқталады. Материал 15 географиялық бағыт бойынша құрылып, Анадолы, Кавказ, Орталық Азия, Сібір мен Алтай, Балқан және Жерорта теңізі өңірлерін қамтиды.

Оқу құралдарының ерекшеліктерінің бірі — Орталық Азия ұғымының орнына «Түркістан» терминінің қолданылуы. Бұл ретте Түркияның ресми тұлғалары түркі әлемінің тарихи және мәдени тұтастығына қатысты ұстанымын оқу материалдары арқылы да танытып отыр.

Жаңа басылымдар Түркиядағы мектептерге, сондай-ақ шетелдегі білім беру ұйымдарына тегін таратылып жатыр. Олар Түркияның мемлекеттік және жекеменшік мектептерінде пайдаланылса, шетелде «Маариф» қорының Еуропа, Азия және Балқандағы 50-ден астам елді қамтитын білім беру желісіне енгізілмек.

Оқу құралдары Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға да бағытталған. Аталған басылымдарды тарих, география, мәдениет пәндері мен сабақтан тыс іс-шараларда пайдалану жоспарланған.

#Қазақстан #ТүркіӘлемі #Түркістан #Түркия #Мәдениет #Тарих #Білім #ОрталықАзия #Маариф #Munarmedia