Қазақстандық компаниялардың атынан шетелдік онлайн-казиноларға 191 млрд теңге аударылған

48


Munarmedia.kz-10.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда шетелдік онлайн-казиноларға заңсыз ақша аудару схемасы әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схемаға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбір кәсіпкерлер бұл әрекеттерден мүлдем хабарсыз болған.

Алаяқтық жолмен компаниялар мен кәсіпкерлердің атына интернет-эквайринг терминалдары ашылған. Ал жалған келісімшарттар мен сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің төлемі ретінде көрсетілген. Кейін қаражат шетелдік серіктестерге, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылып отырған.

Заңсыз операциялар «Nomadgames», «Sultangames», «Pinco», «Pin-UP», «Vavada», «Mostbet» және «1WIN» сияқты шетелдік онлайн-казинолардың мүддесі үшін жүргізілген.

Қаржы аударымдары үш бақылаудағы компанияның төлем инфрақұрылымы арқылы жүзеге асқан. Оның құрамында түрлі банктерде ашылған жүздеген төлем терминалы болған. Заңсыз операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгені құраған.

Схеманы ұйымдастырушы қамауға алынған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот шешімімен іске қатысы бар тұлғаларға тиесілі төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынған.

#Қазақстан #ҚМА #ҚаржыҚылмысы #ОнлайнКазино #ЗаңсызАударым #Криптовалюта