Қазақстандықтар дәрі-дәрмек үшін артық төлеп отыр – монополияға қарсы орган дабыл қақты

100

Munarmedia.kz 01.10.2025 /Астана/ Қазақстан азаматтары мен мемлекет дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға әділетсіз жоғары баға төлеп отыр. Мұндай тұжырымды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдаудың нәтижесінде жасады. Бұл туралы Exclusive.kz порталы Informburo.kz дерегіне сүйене отырып хабарлады.

Елдегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алумен айналысатын «СК-Фармация» ЖШС бүгінде өнім көлемінің кемінде 45%-ын отандық дистрибьюторлардан сатып алып отыр, ал тікелей өндірушілермен жұмыс істеу үлесі төмен. Бұл өз кезегінде бағаның негізсіз өсуіне, ал қарапайым халық пен мемлекеттің артық шығынға ұшырауына әкелуде.

Агенттіктің мәліметінше, дәрі-дәрмек бағасының қалыптасу тетігінде жүйелі кемшіліктер бар:

  • баға белгілеу ашық емес,

  • жоғары баға қою тәжірибесі қалыптасқан,

  • орталықтандырылған сатып алу шығындарды оңтайландыру мақсатына сәйкес келмейді.

Мемлекет дәрі-дәрмектердің бағасын:

  • бөлшек және көтерме саудада,

  • Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (КТМК) және

  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде бақылайды.

Алайда, дәрі-дәрмек бағасын тіркейтін және сатып алуды ұйымдастыратын жауапты құрылымдар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығы мен «СК-Фармация» ЖШСжабдықтаушылар ұсынған бағаны тәуелсіз тексерусіз қабылдаған.

Нәтижесінде, жергілікті өндірушілер мен дистрибьюторлар өз тауарларын әлемдік фармацевтикалық алыптардың оригинал препараттарымен тең бағада сатқан. Бұл – қымбатшылықтың негізгі себептерінің бірі.

Агенттік дерегі бойынша, кейбір Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмектер шетелдік аналогтарынан 2–3 есе қымбат.
Тағы бір таңғаларлық жайт: КТМК мен МӘМС аясында сатып алынатын дәрілердің бағасы бөлшек нарықтағы бағадан жоғары болған.

Агенттік бірқатар нақты шешімдер ұсынды:

  • Дәрі бағасын есептегенде шекті емес, орташа мәндерді пайдалану;

  • Бағаны халықаралық Navlin платформасы арқылы тікелей референттік елдерден алынған деректер негізінде бекіту;

  • Инспекциялық тексерістерді мемлекеттік монополияға беру және оның бағасын бақылауға алу;

  • Тікелей өндірушілерден сатып алу үлесін арттыру;

  • Ұзақ мерзімді келісімшарттарға дейін шығындарды терең талдау жүргізу.

Жеткізушілер инспекциядан өтудің барлық шығынын өз мойнына алады, бұл да бағаның өсуіне әсер етеді. Мәселен, тек Ұлттық сараптама орталығының қызметі үшін ғана 2,6–3,45 млн теңге көлемінде ақы алынады, бұған қоса инспекторлардың шетелге (АҚШ, Канада, Жапония, ЕО елдері) сапарлары да кіретін командировкалық шығындар қосылады.

Агенттік бұл тексерістерден бас тартуды немесе тек жоғары реттелетін елдерге (мысалы, ЕО) баруды шектеуді ұсынады.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласында ашықтық пен тиімділік болмаған жағдайда, зардап шегетін бірінші тарап – халық. Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың аты бар да, заты – дистрибьюторлық делдалдар мен баға көтерушілердің «алаңы» сияқты.

Егер «СК-Фармация» шынымен де дәрі-дәрмекті өндірушіден емес, делдалдардан сатып алып жатса, бұл тек экономикалық тиімсіздік емес, мемлекеттік саясаттың мағынасына қайшы.

Халықтың денсаулығына бөлінген бюджет әр тиынын тиімді жұмсауға міндетті.
Ал артық төленген әр теңге – басқа бір науқасқа жетпей қалған дәрі.