Munarmedia.kz | 06.09.2026 | ASTANA Қорғаныс министрі, генерал Дәурен Қосановтың қайта тағайындалуы – жай ғана кадрлық шешім емес. Бұл – Қазақстан армиясының жаңа геосаяси жағдайда қандай бағытта дамитынына қатысты маңызды кезең.
Бұған дейін әлемде бейбітшілік ұзаққа созылады деген түсінік қорғаныс саласын мемлекеттік саясаттың кейінгі қатарларына ығыстырғаны жасырын емес. 1990-жылдардағы тоқырау кезеңінде қаншама білікті офицер әскерден кетіп, басқа кәсіп іздеді. Қалған әскери кадрлар күрделі жағдайда қызмет атқарды. Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңарту да қажетті деңгейде жүргізіле қойған жоқ. Жемқорлық мәселесі де қорғаныс саласына салмақ салды.
Әскердегі әлімжеттік, дедовщина, қорлау, бейресми тәртіп сияқты келеңсіз құбылыстар да қоғамның алаңдаушылығын туғызды. Құдайға шүкір, ол кезең де артта қалды. Ендігі міндет – өткеннің қателіктерін қайталамай, Қазақстан армиясын жаңа дәуірдің талаптарына сай қалыптастыру.
Бүгін жағдай түбегейлі өзгерді. Заман басқа, заң басқа. Адамның санасы да, технология да, әлемнің геосаяси ахуалы да өзгерді.
Заманауи соғыс – аспанды бақылаудан басталады
Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар және әлемдегі геосаяси текетірестің күшеюі қазіргі соғыстың сипатын айқын көрсетіп отыр. Бүгінгі соғыста жеңіс тек танк пен жаяу әскердің санына байланысты емес.
Аспанды кім бақылайды – соғыс тағдырын көбіне сол шешеді.
Болашақта, бетін аулақ қылсын, технологиялар соғысы одан әрі күшеюі мүмкін. Жасанды интеллект, ұшқышсыз аппараттар, жоғары дәлдіктегі қару, спутниктік барлау, электрондық соғыс және роботтандырылған жүйелер әскери қақтығыстардың ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Сондықтан Қазақстан армиясын жаңғырту туралы сөз болғанда, құрлық әскерлерімен қатар әскери-әуе күштеріне де стратегиялық басымдық берілуі қажет.
Әскери маман болмаған соң артық ақыл айтудың қажеті жоқ. Бірақ қоғам өкілі ретінде ұсыныс айтуға құқығымыз бар. Өйткені мықты армия – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың қауіпсіздігі үшін қажет.
Қазақстанның кең аумағы қуатты әуе компонентін талап етеді
Аспанды бақылаудан айырылсаң, құрлықтағы қорғаныстың да мүмкіндігі шектеледі.
Қазақстан – аумағы жөнінен әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Мұндай алып территорияны тек жердегі әскери бөлімдер арқылы бақылау мүмкін емес.
Шекараны бақылау, стратегиялық нысандарды қорғау, әскерлердің қозғалысын қамтамасыз ету, барлау жүргізу және ықтимал әуе шабуылдарына тойтарыс беру – мұның бәрі қуатты әуе компонентін талап етеді.
Қазіргі армиядағы әскери авиация дегеніміз тек жойғыш ұшақтар емес. Оның құрамына:
- көпмақсатты жойғыш ұшақтар;
- әскери-көлік авиациясы;
- тікұшақтар;
- барлау ұшақтары;
- барлау және соққы беретін дрондар;
- электрондық соғыс жүйелері;
- радиолокациялық станциялар;
- әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері;
- басқару және деректер алмасудың бірыңғай цифрлық жүйелері кіреді.
Яғни болашақ армияның басты артықшылығы – қарудың көптігі емес, барлық әскери жүйенің бір-бірімен жедел әрі тиімді байланысып жұмыс істеуі.
Польша тәжірибесі нені көрсетеді?
Польша соңғы жылдары әскери авиациясын түбегейлі жаңғыртуға миллиардтаған қаржы бағыттап отыр. Ел F-35 және FA-50 ұшақтарын сатып алу бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Мұндағы маңызды мәселе – тек ұшақ сатып алу емес. Бағдарлама аясында ұшқыштар мен жердегі мамандарды даярлау, симуляторлар, техникалық қызмет көрсету және тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қатар қарастырылады.
Қазақстан үшін де осыдан сабақ алуға болады.
Әскери ұшақты сатып алу – мәселенің басы ғана. Оның артында ұшқыш, инженер, оқу-жаттығу базасы, симулятор, қару-жарақ, қосалқы бөлшек, жөндеу орталығы, радиолокация және басқару жүйесі тұруы тиіс.
Бұлардың барлығы бір кешен ретінде қарастырылмаса, миллиардтаған қаржыға алынған заманауи техника уақыт өте келе қымбат қоймадағы жабдыққа айналып кетуі мүмкін.
Түркияның тәжірибесі: технологиялық тәуелсіздік
Түркияның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Соңғы жылдары бұл ел әскери техниканы тек шетелден сатып алуға емес, өзінің технологиялық мүмкіндігін қалыптастыруға басымдық берді.
Ұлттық KAAN жойғыш ұшағының жобасы, қарулы дрондар, электрондық соғыс жүйелері, ұлттық радарлар және басқа да қорғаныс технологиялары осы стратегияның құрамдас бөлігі.
Түркия дронды қосымша қару ретінде ғана емес, заманауи әскери жүйенің ажырамас бөлігі ретінде қарастырып отыр. Пилотты авиация, ұшқышсыз аппараттар, радарлар, басқару жүйелері мен дәлдігі жоғары қаруды біртұтас желіге біріктіру – қазіргі әскери технологияның негізгі бағыттарының бірі.
Қазақстан дрон дәуіріне дайын ба?
Қазақстан армиясында да дрондар бар. Қорғаныс министрлігінің бұған дейінгі мәліметтерінде құрлық әскерлерінде барлау мақсатындағы SkyLark жүйелері, ал әскери-әуе күштерінде Wing Loong аппараттары қолданылатыны айтылған.
Бірақ дрон сатып алу мәселені түбегейлі шешпейді.
Ең маңызды мәселе – өзімізде әзірлеу, өндіру, жөндеу және жетілдіру мүмкіндігін қалыптастыру.
Менің білуімше, бұл бағытта Қазақстанда белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әскери сипаттағы кейбір мәліметтердің жабық болуы да заңды. Сондықтан нақты технологиялық мүмкіндіктер мен өндіріс көлеміне қатысты қорытындыны ресми ақпаратқа сүйеніп жасаған жөн.
Болашақтағы әскери операцияның логикасы шамамен мынадай: барлау дроны нысанды анықтайды, басқа жүйе координаттарды нақтылайды, командалық пункт шешім қабылдайды, соққы беретін аппарат немесе басқа қару жүйесі әрекет етеді. Ал спутниктік және радиолокациялық жүйелер бүкіл операцияның барысын бақылап отырады.
Міне, болашақ соғыстың технологиялық логикасы осыған қарай өзгеріп келеді.
Сондықтан Қазақстанға жүздеген немесе мыңдаған дрон сатып алудан бұрын, оларды әзірлейтін, шығаратын, жөндейтін және бірыңғай әскери желіге біріктіретін ұлттық экожүйе қажет.
Ең маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесі
Бұл жерде Қорғаныс министрлігінің алдында тағы бір үлкен міндет тұр.
Қорғаныс саласындағы мемлекеттік сатып алу жүйесі барынша ашық, цифрланған және қоғамдық әрі институционалдық бақылауға ыңғайлы болуы керек.
Алдағы жылдары қорғаныс саласына қомақты қаржы қажет болуы ықтимал. Бұл – ел қауіпсіздігі үшін қажетті шығын.
Бірақ қауіпсіздікке бөлінген қаржының өзі тиімсіз жұмсалса немесе жемқорлыққа жол ашса, одан үлкен қауіп жоқ.
Сондықтан Қорғаныс министрлігін цифрландыруды жай ғана электрондық құжат айналымымен шектеуге болмайды. Әскери техниканың қажеттілігін анықтаудан бастап, техникалық тапсырма әзірлеу, конкурс өткізу, өндірушіні таңдау, баға белгілеу, жеткізу, қабылдау, сақтау, жөндеу және пайдаланудан шығару кезеңдеріне дейінгі бүкіл цикл бірыңғай цифрлық бақылау жүйесінде болуы тиіс.
Бұл бағытта қорғаныс саласын, цифрлық технологияларды және мемлекеттік басқаруды қатар меңгерген мамандардың рөлі ерекше. Қажет болса, министрлік жанынан осы бағытқа жауап беретін арнайы цифрландыру орталығын құру мәселесін де қарастыруға болады.
Президент пен халық сенімі – генерал Қосановқа берілген мүмкіндік
Генерал Дәурен Қосановтың алдында бір ғана міндет тұрған жоқ.
Әскерде тәртіп болуы керек. Бірақ тәртіпті қорқынышпен емес, заңмен, талаппен, кәсіби дайындықпен және дұрыс әскери идеологиямен қалыптастыру қажет.
Сарбаз патриот болуы керек.
Армия – түрме емес.
Дедовщина, әлімжеттік, қорлау сияқты кеңестік жүйеден қалған жабайы әдеттер толық жойылуы тиіс. Қазіргі заманға сай ойлайтын, сарбазды қорқытып емес, санамен, біліммен және жеке үлгісімен жетелей алатын командирлер қажет.
Сарбазға үйрету үшін офицер алдымен өзі көрсетуі керек. Жоғары кәсіби дайындыққа ие, тәжірибелі әрі әділ командирді сарбаз да, әріптестері де сыйлайды.
Ата-ана баласын әскерге жіберген кезде оның тірі, дені сау және кәсіби тұрғыдан шыңдалып оралатынына сенімді болуы керек.
Жастар армиядан қашпай, керісінше әскери қызметке өз еркімен баруға ұмтылатын жағдай қалыптастыру қажет.
Ол үшін әскери қызметтің беделін көтеру керек. Бұл тек жалақы мәселесі емес. Әлеуметтік кепілдік, тұрғын үй, медициналық қамтамасыз ету, кәсіби өсу және заманауи техникамен жұмыс істеу мүмкіндігі де маңызды.
Қорғаныс саласының қоғаммен байланысы күшеюі тиіс
Қоғамның белсенді өкілдерін қорғаныс саласының әлеуетін танытуға және оның оң имиджін қалыптастыруға кеңінен тарту қажет.
Қазіргі қорғаныс саласындағы қоғаммен байланыс жұмысы, меніңше, жеткілікті деңгейде емес. Халықпен жүйелі әрі ашық байланыс жетіспейді.
Ақпарат кеңістігінде жастарды әскери қызметке ынталандыратын, отан қорғаудың абыройын арттыратын заманауи жобалар көбірек болуы керек.
Өйткені әлеуметтік желіде әскер туралы көбіне сарбазға жасалған қысым, әлімжеттік, қатыгез командир немесе жемқорлық секілді жағымсыз контенттер тарайды.
Ендеше бұл бағытта да батыл реформа қажет.
Қазақстан өз әскери технологиясын қалыптастыруы керек
Ең басты мәселенің бірі – Қазақстанның өзінің әскери технологиялық базасын қалыптастыруы.
Оңтүстік Кореяның тәжірибесі осының айқын мысалы. KF-21 бағдарламасы арқылы Корея заманауи жойғыш ұшағын жасап, оны сериялық өндіріске шығару кезеңіне жетті.
Қазақстан мұндай ауқымды бағдарламаны бірден қайталай алмауы мүмкін. Бірақ өзіміздің әскери дрондар, барлау жүйелері, радиолокациялық техника, байланыс құралдары, электрондық соғыс жүйелері, әскери бағдарламалық қамтамасыз ету, оқ-дәрі өндірісі, авиациялық жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталықтары бойынша ұлттық өндірісті қалыптастыруға мүмкіндігі бар.
Бұл – тек армия үшін емес, Қазақстанның жаңа индустриялық экономикасы үшін де үлкен мүмкіндік.
Қорғанысқа бөлінген қаржы тек шетелдік компаниялардың табысына айналмай, Қазақстандағы инженерлерді, ғалымдарды, конструкторларды, IT мамандарын және өндіріс жұмысшыларын дамытуға жұмсалуы қажет.
Армияға ақпараттық технологияларды меңгерген жастарды көбірек тарту керек. Қазірдің өзінде мұндай мамандық иелері әскер қатарында бар.
Қазақстанға қандай армия қажет?
Қазақстанға парад кезінде ғана әдемі көрінетін армия емес, нақты қауіп төнген жағдайда қысқа уақыт ішінде шешім қабылдап, аспанды бақылауға алып, кез келген агрессияға тойтарыс бере алатын кәсіби әрі технологиялық армия қажет.
Көк туымызды биікте ұстау үшін ең алдымен сол тудың аспанын қорғай алатын армия керек.
Сондықтан жаңа кезеңдегі қорғаныс реформасының өзегінде кемінде үш маңызды міндет тұруы тиіс:
- Кәсіби әрі тәртіпті сарбаз қалыптастыру;
- Заманауи қару-жарақпен жарақтанған қуатты әскери авиация құру;
- Толық цифрланған, тиімді әрі жемқорлық тәуекелі барынша азайтылған қорғаныс жүйесін қалыптастыру.
Қазақстанға енді жай ғана көп әскер емес, ақылды, технологиялық және кәсіби армия қажет.
Ал оның ең маңызды қанаттарының бірі – аспан.
Егер Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті дұрыс пайдаланса, генерал Дәурен Қосановтың жаңа каденциясы кезекті министрлік мерзімімен шектелмей, Қазақстан армиясын XXI ғасырдың талаптарына бейімдейтін маңызды кезеңге айналуы мүмкін.
Мұндай ел игілігі мен ұлт қауіпсіздігіне қатысты істе біз, қоғам өкілдері ретінде, тек сынаушы немесе мін тағушы емес, сындарлы ұсыныс айтып, оң өзгерістерді қолдауға және өз үлесімізді қосуға әзірміз.
Ұлт қауіпсіздігі – ұрпақ қауіпсіздігі. Елдің қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ мұратымыз.
Ұлан-ғайыр даламыз – аталарымыздың аманаты.
Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды!
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы, журналист-публицист
#MunarmediaKz #Қазақстан #Астана #Қорғаныс #ҚорғанысМинистрлігі #ҚазақАрмиясы #ӘскериӘуеКүштері #ӘскериАвиация #ҰлттықҚауіпсіздік #ӘскериТехнология #Дрондар #Цифрландыру #ҚорғанысӨнеркәсібі #Әскер #Сараптама