Баяжума Асылбек. Ахметтің аманаты орындалды ма?

69

«Қазақ тілінің тағдыры — қазақтың тағдыры» деген Ахметтің ойы өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ахмет Байтұрсынұлын біз көбіне әліпби жасаған ғалым, «Тіл-құралды» жазған ұстаз, «Қазақ» газетін шығарған Алаш қайраткері ретінде білеміз.
Бірақ Ахметтің ең үлкен еңбегі — әліпби де, оқулық та емес.
Ол қазақ тілін ұлттық мемлекеттіліктің іргетасына айналдыруға әрекет жасаған алғашқы қазақ интеллектуалының бірі болды.
Осыны түсінбей Ахметті тек тіл маманы ретінде бағалау — оның тарихи масштабын кішірейту.
Ахмет жалғыз болған жоқ
ХХ ғасырдың басында түркі дүниесінде таңғажайып интеллектуалдық қозғалыс жүріп жатты.
Қырымда Исмаил Гаспринский мектепті өзгертуді, баспасөзді дамытуды, түркі-мұсылман халықтарын заманауи білімге тартуды көздеді.
Әзербайжанда зиялылар ұлттық баспасөз, театр, білім және тіл арқылы жаңа қоғам қалыптастыруға кірісті.
Татар зиялылары ғылым мен білімді ана тілінде таратуға ұмтылды.
Осман империясында тіл мен ұлт мәселесі мемлекеттік модернизацияның бір бөлігіне айналды.
Бұл кездейсоқ құбылыс емес еді.
Түркі зиялылары халықты жаңғырту үшін алдымен оның ойын жаңғырту керек дегенді түсінді.
Ал ойды жаңғыртудың ең қысқа жолы — тіл.
Ахмет Байтұрсынұлы осы үлкен түркілік қозғалыстың қазақ даласындағы ең ірі өкілдерінің біріне айналды.
Бірақ Ахметтің олардан ерекшелігі
«барлық түркіге бір тіл» деген абстрактілі идеядан бұрын қазақтың нақты ұлттық тілін ғылым мен білімнің тіліне айналдыруға кірісті.
Міне, оның ұлылығы осында.
Ахмет қазақ тілін жай ғана зерттеген жоқ.
Ол қазақ тілінде ғылым жасауға болатындығын дәлелдеді.
«Тіл-құрал» арқылы ол қазақ тілінің дыбыстық, сөздік және сөйлемдік құрылымын жүйеледі.
Ең қызығы — ғылыми терминдерді жаппай сырттан алудың орнына, қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін пайдаланды.
Қазақ тілін ғылымға икемдеу емес, ғылымды қазақ тілінің табиғатына икемдеуді қолға алды.
Бүгін бізге жетпей тұрған нәрсе де осы.
Біз Ахметтен кейін не істедік?
Біз Ахметтің портретін төрге шығардық.
Ескерткіш қойдық.
Мектептерге атын бердік.
Жыл сайын туған күнінде конференция өткіздік.
Баяндамалар оқыдық.
Фотоға түстік.
Ұмыттық.
Бірақ оның ең басты идеясын — қазақ тілін мемлекеттің интеллектуалдық тіліне айналдыруды толық аяқтай алмадық.
Қазақстан Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл деп бекітілген.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» арнайы заң да бар.
Демек мәселе заңда емес. Қоғамдық санада...
Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл болса, онда азамат мемлекеттік мекемеге кіргенде оның негізгі жұмыс тілі қазақша болуы тиіс.
Министрлік шешімінің ішкі талқылауы қазақ тілінде жүруі тиіс.
Жоғары мемлекеттік қызметкер қазақ тілінде еркін сөйлеуі тиіс.
Ғылым қазақ тілінде жасалуы тиіс.
Заң қазақ тілінде түсіндіріліп, сотта қазақша қолданылуы тиіс.
Бизнес қазақ тілін нарықтың толыққанды тілі ретінде қабылдауы тиіс.
Ал технология мен жасанды интеллект қазақ тілін «қосымша тіл» емес, негізгі тілдердің бірі ретінде тануы тиіс.
Сонда ғана мемлекеттік тілдің формальды мәртебесі нақты мемлекеттік функцияға айналады.
Франция мен Ресей неге бізге қызық?
Франция француз тілін тек Конституцияда жариялап қоймай, оның қоғамдық кеңістіктегі қолданылуын арнайы заңнамамен реттеді.
Ресейде де мемлекеттік тілдің қолданылу аясы арнайы федералдық заң арқылы белгіленген.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі — декларация емес, мемлекеттік саясаттың күнделікті механизміне айналу керек.
Ал Қазақстанда біз әлі күнге дейін тіл мәселесін көбіне пікірталас деңгейінде қалдырып келеміз.
«Қазақша сөйлейік».
«Қазақ тілін үйренейік».
«Қазақ тілін құрметтейік».
Бұлардың бәрі дұрыс.
Үкімет қазақша сөйлегенде ғана тіл саясаты өзгереді
Орыс тілін білуі — кемшілік емес. Оны да меңгеру керек.
Дегенмен қазіргі заманда халықаралық қатынас тілі, ғылым мен технологияның тілі ағылшын тілі екенін мойындауымыз керек.
Монғолияда қазақ, монғол тілімен қатар ағылшын тіліне басымдық берілген.
Әсіресе жастар өз арақатынас тілі ретінде ағылшын тілінде қолданатын деңгейге жетті.
Кез-келген саудагер ағылшынша сауда жасай алады.
Қазақстан қоғамында орыс тілін білмесең мәдениетсіз адамсың деген түсінік әлі кетпеген.
Әрине, көршінің тілін көшеде жүріп үйренуге болады.
Орыс тілі қазір ғылым мен білімнен гөрі көшенің тіліне көбірек ұқсап кеткен.
Иа, біз құдай қосқан көршіміздің тілін өзінен де жақсы меңгергенбіз.
Оны мақтан тұтатын деңгейге жеттік.
Ең қиыны, осы тілдің тасасында өзіміздің ана тіліміздің қалып қойып жатқаны алаңдатады.
Бұл үрдіс әсіресе Солтүстік өңірлерде жиі кездеседі тіпті тұрмыстық күнделікті қолданатын тілге айналғаны өкінішті.
Оны жөнге келтіретін ұлт ағаларының ұрпағы да шүлдірлеп кетті.
Мінберде мінсіз сөйлегенмен, шаңырағында шамасы жетпей жүргендер қаншама.
Кешке дейін әкім мен министрді мақтай бергенше, ұлт ұстазы Ахметтей ірі істер жасаса жақсы болар еді.
Мемлекет атынан сөйлейтін адам ең алдымен мемлекеттік тілде еркін сөйлей алуы тиіс.
Бұл орыс тіліне қарсы саясат емес.
Бұл — кез келген қалыпты мемлекеттегі табиғи қағида.
Француз министрі французша сөйлейді.
Түрік министрі түрікше сөйлейді.
Өзбек министрі өзбекше сөйлейді.
Ал Қазақстан министрінің қазақ тілінде сөйлеуі кейде әлі күнге дейін «ерлік» сияқты қабылданады.
Бұл қалыпты жағдай емес, қауіпті жағдай.
Мемлекеттік тіл биліктің күнделікті жұмыс тіліне айналуы керек.
Ең қауіптісі — тіл емес, тілсіз элита.
Мемлекеттің болашағына қарапайым халықтың тілі емес, элитаның тілі көбірек әсер етеді.
Егер баланың алдында министр қазақша сөйлесе — бала қазақ тілінің мемлекеттің тілі екенін сезінеді.
Егер әкім қазақша сөйлесе — ауылдағы жас қазақ тілінің мансап тілі екенін түсінеді.
Егер ғылым қазақша жасалса — студент қазақ тілінің білім тілі екенін көреді.
Ал егер жоғары биліктегі адам қазақ тілін қажет етпесе, қоғамға үнсіз «Қазақ тілі — халықтың тілі. Ал биліктің тілі басқа» деген сигнал беріледі.
Осы түсінік орнықса, мемлекеттік тілдің заңдағы мәртебесі қанша жерден жоғары болғанымен, оның қоғамдық беделі төмендейді.
Орыс тілінде сөйлейтін адамның бәрін ресейшіл деу — саяси сауатсыздық.
Бірақ Қазақстанның мемлекеттік саясатын қалыптастыратын адамның Ресейдің ақпараттық, саяси немесе мәдени ықпалына шамадан тыс тәуелді болуы — басқа мәселе.
Қазіргі үкімет туралы халық үнемі осылай айтады. Ол рас.
Мемлекеттік тілдің әлсіздігі осындай тәуелділікті күшейтуі мүмкін.
Өз тілінде сапалы ақпарат жоқ жерде — сыртқы ақпарат келеді.
Өз тілінде саяси ғылым жоқ жерде — сыртқы саяси ұғымдар үстемдік етеді.
Өз тілінде заманауи контент жоқ жерде — өзге елдің медиасы қоғамның санасын қалыптастырады.
Сондықтан қазақ тілін күшейту Қазақстанның ақпараттық және интеллектуалдық тәуелсіздігін күшейту деп білген жөн.
Бұл екеуін шатастырмау керек.
Ахметтің бүгінгі ұрпаққа қалдырған ең үлкен аманаты қазақ тілі.
А
Ахмет қазақтың тілін сақтап қалу үшін күресті.
Біздің міндет — сол тілді мемлекеттің толыққанды жұмыс тіліне айналдыру.
Біз мақсат қазақ тілін технология қалдыруымыз керек.
Қазіргі ғалымдарымыз "Шыңғыс хан қазақ па, монғол ма" деп бас қатырмай қазақ тілінің технологиядағы қорын, сөздігін әзірлеу керек.
Ахмет атамыз қалдырған «Тіл-құралын" жалғастырып, дамтуымыз керек.
Біз қазақ тілінде ғылым жасауымыз керек.
Ол қазаққа «Қазақ» газетін қалдырды.
Біз қазақ тілінде қуатты заманауи ақпарат кеңістігін қалыптастыруымыз керек.
Қазақ тілді медиаларды мемлекеттік деңгейде қолдауымыз керек.
Ақпарат елдің қауіпсіздігі және ұлттық сананы қалыптастырушы құрал екенін түсінетін уақыт жетті.
Ал егер мұны істей алмасақ, Ахметтің атын қанша дәріптегенімізбен, оның тарихи миссиясын түсінбеген болып шығамыз.
Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады" деп тегін айтпаған.
Демек бүгінгі заман — қазақ тілін тек қорғау емес, оны ғылымның, мемлекеттің, технологияның және болашақтың тіліне айналдыру заманы.
Ахметтің тұғырына гүл қою оңай.
Ахметтің аманатын орындау қиын.
Бірақ қазаққа бүгін ескерткіштен аманатты орындау қиынға соғып тұр.
Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі азаматтар мен ұлттың, қоғамның ерік, жігері бірігуі керек.
Қоғамдық сананы өзгертіп, ана тілін басқа тілден жоғары қоюды үйренуіміз керек.
Әр отбасындағы бала ана тілімен сусындар, ата мен әже тәрбиесін көріп, ұлттық салтты бойына сіңіріп өсірмесе мұның бәрі бекер.
Жылдам дамыған заманда көшке ілесе алмай, құрдымға кетеміз.
Дәл қазір Ахметтің аманатын орындау мүмкін болмай тұр.
Тілдер күні құтты болсын!