Озық мемлекет болу – технологиялық жаңғыру мен ұлттық құндылықтарды ұштастыру

56

Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA– Қазақстанның озық мемлекетке айналу мақсаты мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл ұғым тек экономикалық өсіммен немесе жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді. Озық мемлекет – заң үстемдігі қамтамасыз етіліп, мемлекеттік институттар тиімді жұмыс істейтін, экономикасы тұрақты дамитын, ал білім, ғылым және технология елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі тірегіне айналған мемлекет.

Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатта елде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қызметтерді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан электронды үкіметті дамыту көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқы 25 елдің қатарына кіреді. Бүгінде бұл бағытта 190-нан астам мемлекет арасында елдің позициясы жоғары деңгейде.

2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Ал 9 маусымда 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді.

Сонымен қатар елімізде Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект мәселелерін реттейтін заң күшіне енді. Бұл құжаттар цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа технологияларды қолданудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға және жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалануға бағытталған.

Адам капиталы – басты ресурс

Озық мемлекетті қалыптастырудың тағы бір негізгі шарты – адами капиталды дамыту.

26 тамыздағы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы «прогрессивті ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдарын өзара байланыстырды. Бұл ретте білім беру жүйесін жаңғырту мен жастардың технологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріліп отыр.

Қазір Қазақстан мектептерінің 95 пайыздан астамы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Алдағы міндет – бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу.

Мамыр айында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойылды. Сонымен қатар жақында Қазақстанда жасанды интеллект саласына маманданған алғашқы университет өз жұмысын бастады.

Технология мен ұлттық болмыс

Қазақстанның технологиялық жаңғыруы ұлттық болмыстан бас тартуды білдірмейді.

Мемлекет басшысы тамыз айында жастардың өз халқының тарихын дұрыс түсінуі және болашаққа сеніммен қарауы қажеттігін атап өткен болатын.

Мәдениет пен оқу-ағарту саласына да басымдық беріліп отыр. Мамыр айында оқу мәдениетін дамытуға бағытталған Жарлыққа қол қойылды.

2026 жылдың соңына дейін 2027–2031 жылдарға арналған «Оқитын ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған. Ал 2027 жылдың басына дейін бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапханалық платформа құру көзделіп отыр.

Осы бастамалардың барлығы білім мен технологияны ғана емес, қоғамның мәдени және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қазақстанның өзіндік даму моделі

Озық Қазақстанды қалыптастыру – басқа мемлекеттердің моделін сол күйінде көшіру деген сөз емес.

Бұл – заң үстемдігі мен мемлекеттік институттарды нығайтып, білім мен ғылымға инвестиция салатын, өзінің технологиялық базасын қалыптастыратын, цифрлық экономиканы дамытатын және қоғамның тарихи-мәдени негізін сақтайтын мемлекет құру үдерісі.

Осы бағыттардың өзара сабақтастығы Мемлекет басшысы айтып жүрген Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Күшті және Озық Қазақстан моделінің негізін қалыптастырады.

Яғни елдің озық мемлекетке айналуы технологиялық өзгерістермен ғана өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – заманауи институттар, сапалы білім, дамыған ғылым, цифрлық экономика және ұлттық құндылықтарды қатар алып жүретін қоғам қалыптастыру.