Тағдыр тәлкегімен дейміз бе,тарихи жолдармен дейміз арғы бетке ауа көшкен
қазақтың Алтай асып, алдына салған малдың қыстауы мен жайлауын жайғастырып
жүріп, атамекеннен алыстап кеткен қанқұйлы тарихы 500-жылдан асады.
Осы уақытта бөтен елде қаншама қиындықтарды көрсе де ата салтын,
әдет-ғұрпын ана тілін ұмытпай, діні мен тіліне берік қазақ халқының өр мінезі
мен өшпес тағдыры үлгі боларлықтай.
Өзге елде жүрсе де ешкімге басындырмай, басынан сөз, денесінен таяқ
өткізбей, ұлы мен қызын қорғап өткен батырларымыз қаншама? Біреулері әділ
бағасын алып жатыр. Біреулері әлі ала алмай жүр. Алайда уақыт төреші. Ең
бастысы, келешек ұрпақ басы бір бірікпей кеткен қазақты іздеп, бауырына басып
жүрсе екен деп тілейміз.
Сондай адуынды ақсақалдарымыздың бірі Қинаят ұлы Мақидолда. Орта жүз, Керейдің «Ботақара» руынан. Жасынан ауыл
ақсақалдарының салиқалы әңгімесін тыңдап өскен ағамыз бүгінде жасы жетпістің
сегізіне келсе де тың. Мақидолда ақсақалдың басы елдегі бір орталық тарихи
музеймен пара-пар дерсің. Иә, барында жақсының қадірін білмейтін халықпыз.
Өңшен өлген соң мақтап жататынымыз бар.
Ешкімге зәбірін тигізбей, өмір сүріп
келе жатқан Мақидолда ағамыздың білмейтіні жоқ. Қарт шежіреші талай өмірді басынан
өткеріп, тарихта бұрмаланған шындықты айтып бере алатын қазына.
Керейден шыққан хас батыр, Қабанбай, Бөгенбайлармен иық тіресіп,
жоғанғардан қазақтың жері мен елінің бүтіндігі, жарқын болашағы үшін жан аямай
күрескен, батыр Қожамжарұлы Ботақараның ұрпағы.
Керей қазақтарынан арғысы Ер Жәнбек, Қожаберген, Ботақара, Айтымбет бергісі
Оспан батыр сынды ұлты мен халқы үшін туған даралар көп болған. Міне, солардың
жұрнағы Мақидолда ағамызда анда-санда атамекенге келіп тұрады. Ағамыздың адуын
мінезі барын білгенімізбен, ата тарихымызды, шежіремізді түгендеп алғымыз
келгендіктен, сөзін бөлмей тыңдап, дидарласып қалуға тырысамыз. Өмір деген
өлшеулі ғой. Ертең көреміз бе? Жоқ па? Бір Алланың құзырында.
Талайдың шымбайына бататын шындықты жайып салатын, ақсақал қазақ түгілі
монғолдардың да шежіресін тарқатып бере алады.
Біз үшін Мақидолда ағамыздың ішінде айтылмаған тарихи шындықтар мен сыр
көп. Қасында отырып қаламға түсіріп, қазақтың арғы-бергі тарихын түгендеп алса деген
ой келеді.
Қазіргі қарттарымыздың бәрін демейін, ата сақалы аузына түссе де арақтан
аузы босамай, кәпірдің суын ішіп, ұрпағына үлгі берудің орнына ұятқа қалып
жүргені қаншама?
Ақ дастарханда бата бере алмайтын, өз әулетінің тарихын айтып, шежіресін
тарқатып бере алмайтын, құлдық санадан арылмаған шалдар көп. Бауыржан Момышұлы:
«бір елге сөзі өтетінді абыз, бір ауылға
сөзі өтетінді ақсақал, бір әулетке сөзі өтетінді қария, бір кемпірден
аспайтындарды шал» деп атау керек деген екен.
Мақидолда абыз ақсақал. Сонымен абыз атамыз ат арытып Монғолиядан
Қазақстанға батыр бабалары Қожамжарұлы Ботақара мен Айтымбеттің 360- жылдық
мерейтойына келді.
Атаның айтуынша 360 емес 385 жыл
дейді. Бір дорба күміс түймесі мен күміс аяқтарын алып жеткен атамыздың көңілін
Ресейдегі «Ташанты» шекара постының Қобдабаев Нұрдос деген қызметкері
түсіріпті.
Жалпы құны 4 миллион тенгеден асатын 73 күміс белбеуді контрабандалық зат
деп тәркілеген екен. Қай заңға сүйенгені белгісіз. Қашаннан бері қазақтың
салт-дәстүрінің айшықты белгісі домбыра, күмістелген ат әбзелдері, түйме,
кеселері мен шапандары, белдіктері заңсыз зат болып саналып қалған.
Жалпы Монғолиядан Ресей шекарасы арқылы арлы-берлі өтіп жүрген ағайынның
айтары көп.
Тіпті жолға алған ет, құрт, майларын да заңсыз ғып тәркіленіп алатын
көрінеді. Қосағашта тұрып, «Ташанты» шекара бекетінде қызмет істейтін өзіміздің
қазақ бауырларымыз тәркілеп жатқан заттардың құнын білгендіктен заңды белден
басып, қаны бір қазақ бауырларына қиянат жасап жатқан жоқ па? деген ой да
туады.
Иә, Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін ел. Оның өз заңы, тәртібі
болғанмен асыра сілтеушілер көп сияқты. Абыз атамыз «қытай қырыққа, орыс отызға
бөлінеді» деуі тегін емес. Іштерінен қазақты жек орыстар үшін қисық заң
қолма-қол табыс көзіне айналып келеді.
«Іргедегі Өскеменге қарасты Қатон-қарағай жерінен тікелей 40 шақырым
асфальт жолды салып, ашып тастаса миллиондаған қаражат Қазақстан мен
Монғолияның қалтасында қалар еді. Мұны құзырлы органдар мен Қазақстан
Президенті Қ.Тоқаев пен Монғолия президенті Хүрэлсүх көтерсе екен дейді» Мақидолда
атамыз. Өте дұрыс айтып отыр. Отыз екі жылда ортаға бір жол сала алмақ түгілі,
Алматы мен Астана арасының мың шақырым жолын сала алмай отырған билікке не
дерсің? Елді жайлаған жемқорлық, болашаққа деген немқұрайлылық дерті қазақтың
тамырын кеспесе жарар еді.
Бұл мәселе бойынша абыз атамыз Қазақстан Президентіне, Ресей Президентіне,
Еуразия экономикалық кеңесіне хат жазамын деп отыр. Мұны баршамыз қолдауымыз
керек. Мақидолда атамыз «Екі мемлекеттің ортасында тұрып, жерін басып өткеніміз
үшін салық салып, алып шыққан заттарымызды тартып алып, зорлық көрсетіп отырған
Ресей халықаралық құқықтық нормаларға, екі ел арасында ратификацияланған
заңдарға мойынұсынбай ма? Ендеше бізде сондай амал қолданайық.
Сан ғасырдан бері колхоздастыру,
аштық, Ұлы Отан соғысы, «Желтоқсан» оқиғасы, «Семей полигоны» арқылы миллиондап
зардап шеккен қазақтың басын көтеріп, мінезін көрсететін уақыты келген жоқ па?
Қазақ қашанғы тонала береді. Ұлттың болашағы, ұрпақтың қамы деген азаматтардың
сөзі тыңдайтын жандар бар ма?» дейді. Расында ақиқат қой. Ел болам десең
бесігіңді түзе деген. Заң шекарадан басталу керек. Ортақ тәртіп орнамаса, әркім
өзне қожайын болған мына қиын заманда әділетсіздік орнайды. Иа, өмірде әділетті
қоғам деген болмайды. Болған да емес. Біз тек өз отбасымызда ғана әділетті бола
аламыз. Ал өскелең ұрпаққа өнеге беріп, ұлы тарихы мен ана тілін үйретіп,
салтымызды санамызға сіңіріп Мақидолда Қинаятұлындай аталарымыздың әңгімелерін
тыңдатып өсірсек ғана, ел басына күн туғанда ақ найзасын қолына алып, халқы
үшін қан кешетін ұрпақ өседі.
Қазақтың шежірешісі Мақидолда атамызбен сұқбаттаса отырып, жазып алған біраз деректерді кейіңгі мақалада
сөз ететін боламыз.
Сонымен алыстан келген ағамызға амандық тілеп, жолыңыз болсын деп аттандық.
Әманда, саулық та кездесе берейік.
Асылбек Байжұмаұлы