Қостанайда 51 млрд тенгенің заң бұзушылығы анықталды

56


Munarmedia.kz 31.03.2026 /Astana/

Жоғары аудиторлық палата отырысында Қостанай облысы бойынша мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес, өңірде жалпы өңірлік өнімнің өсімі байқалғанымен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақсыз сипатқа ие. Атқарушы органдар деңгейінде басқару және жоспарлау жүйесінде жүйелі олқылықтар анықталған.

2020–2024 жылдар аралығында жергілікті бюджет кірістері 75%-ға артқан. Алайда меншікті кірістердің үлесі небәрі 7%-ға өсіп, 29%-дан 36,1%-ға дейін ғана жеткен.

Сонымен қатар, бюджет орындалуы барысында 19 млрд теңге көлемінде пайдаланылмаған бос қаражат бола тұра, 30 млрд теңге көлемінде қарыз тартылғаны анықталды. Бұл шығыстарды жоспарлау мен борыштық жүктеме арасындағы үйлесімсіздікті көрсетеді.

Өңірге тікелей шетелдік инвестициялар тарту қарқыны да төмен деңгейде қалып отыр. 2025 жылы іске қосу жоспарланған құны 188 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаның 6-уы пайдалануға берілмеген.

Облыстың даму бағдарламасын іске асыруда да кемшіліктер бар. 2022–2024 жылдары оны жүзеге асыру жоспарына енгізілген 12-ден 164-ке дейінгі бюджеттік инвестициялық жобалар жыл сайын алынып тасталған.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне байланысты жүйелі бұзушылықтар тіркелген. Соның салдарынан бірқатар нысандар пайдалануға берілмеген немесе құрылыс кезеңінде түзетуді қажет етеді.

Кәсіпкерлікті қолдау шараларының тиімділігі де төмен бағаланған. Мемлекеттік қолдаумен қамтылған 352 кәсіпкерлік субъектісіне 11 млрд теңге бөлінгенімен, олардың 179-ы қызметін тоқтатқан, ал 168-і жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелерін орындамаған.

Аудиторлар қаржылық тұрғыдан тұрақты жеке бизнесті жасырын субсидиялау белгілерін де анықтаған. Бұл бәсекелестік қағидаттарын бұзып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің тиімділігін төмендетеді.

Жол құрылысы саласында да бақылаудың жеткіліксіздігі байқалған. 12 нысанды тексеру барысында асфальт-бетон жабынының отыруы мен бұзылуы сияқты түрлі ақаулар анықталған, оның ішінде бұрын жөндеу жүргізілген учаскелер де бар.

Агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының негізгі саласы болғанымен, оның дамуы тұрақсыз күйде қалып отыр. 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы төмендеп, мал басы азайған, ал таратылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны артқан.

Мемлекеттік сатып алу саласында 12 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған. Олардың қатарында конкурс талаптарына сәйкес келмейтін қатысушыларды жеңімпаз деп тану, «қызметтік пайдалануға арналған» белгісін негізсіз беру арқылы сатып алудың ерекше тәртібін қолдану, сондай-ақ төтенше жағдай сылтауымен бір көзден сатып алу фактілері бар.

Медициналық амбулаториялар құрылысы жобаларында медициналық жабдықтардың құны шамамен 200 млн теңгеге негізсіз өсірілген. Кейбір жабдықтар іс жүзінде жобалық құжаттамада көрсетілген бағадан 18–46 есе арзанға сатып алынған. Бағалар банкрот деп танылған компанияның прайс-парақтары негізінде қалыптастырылған жағдайлар да тіркелген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ 50 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталған.

Анықталған 52 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін тиісті органдарға жолданды.