Munarmedia.kz 06.03.2026/Astana/ — Соңғы күндері АҚШ пен Израильдің соққылары Ирандағы саяси жағдайды күрт ушықтырып, Тегеран билігін күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет қалдырды. Мұндай жағдайда Иран өзіне жақын стратегиялық серіктестердің қолдауына үміт артқаны белгілі. Алайда халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қытай бұл дағдарысқа әскери тұрғыда араласуға асығар емес.
Сарапшылар Александр Габуев пен Темур Умаровтың талдауынша, Қытайдың сақтық танытуының басты себебі — оның қазіргі сыртқы саясатының негізгі қағидасы саналатын әртараптандыру (диверсификация) стратегиясы. Яғни Бейжің бір ғана серіктеске тәуелді болудан аулақ болуға тырысады.
Иранның негізгі серіктестері
Халықаралық саясатта Иранның негізгі екі ірі әріптесі ретінде Ресей мен Қытай аталады. Соңғы жылдары Тегеран мен Мәскеу арасындағы байланыс айтарлықтай күшейген. Әсіресе Украинадағы соғыс басталғаннан кейін екі елге қарсы енгізілген батыстық санкциялар оларды жақындата түсті.
2022 жылдан бері екі мемлекет жоғары деңгейде бірнеше рет кездесулер өткізіп, жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған. Сонымен қатар әскери саладағы ынтымақтастық та кеңейген.
Мәліметтерге қарағанда, Иран Ресейге негізінен «Shahed» үлгісіндегі дрондар жеткізіп, миллиардтаған доллар көлемінде келісімдер жасаған. Ал Ресей өз кезегінде Иранға әскери техника, оқу-жаттығу ұшақтары мен басқа да қару-жарақ түрлерін берген.
Ал Қытай мен Иран арасындағы стратегиялық жақындасу бұдан да ертерек басталған. 2016 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин Таяу Шығысқа сапары барысында Иранға барып, екі ел арасында жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған.
2021 жылы осы келісім негізінде 25 жылдық экономикалық жоспар жасалып, оған сәйкес Қытай Иран экономикасына шамамен 400 миллиард доллар инвестиция салуға ниет білдірген. Оның орнына Бейжің Ираннан тұрақты мұнай жеткізіліміне қол жеткізуді көздеген.
Үшжақты ынтымақтастық
Соңғы жылдары Ресей, Қытай және Иран үшжақты форматта да бірқатар бастамаларды жүзеге асырды. 2019 жылдан бері бұл елдер «Қауіпсіздік теңіз белдеуі» атты бірлескен әскери-теңіз жаттығуларын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Сонымен қатар Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына (2023 жылы) және БРИКС бірлестігіне (2024 жылы) қосылып, Мәскеу мен Бейжің бастамашы болған халықаралық құрылымдарға жақындай түсті.
Дегенмен, қазіргі қиын кезеңде бұл елдер Иранға тек саяси мәлімдемелермен шектеліп отыр. Мәскеу мен Бейжің АҚШ әрекеттерін сынға алып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды ұсынғанымен, әскери қолдау көрсету туралы нақты қадам жасалмады.
Қытайдың ұстанымы
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың бұл позициясы әлсіздік емес, керісінше оның геосаяси стратегиясының бір бөлігі.
Қытай өзін әлемдік ықпалды держава ретінде көрсеткенімен, Бейжің классикалық әскери одақтар құруға немесе серіктестерінің қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілік алуға асықпайды. Қытай дипломатиясы көбіне «шекарасыз достық», «барлық жағдайда стратегиялық әріптестік» сияқты тұжырымдамаларға сүйенеді.
Яғни Бейжің экономикалық инвестициялар салуға, сауда қатынастарын кеңейтуге және технологиялық ынтымақтастыққа дайын. Бірақ серіктес мемлекеттердің әскери қауіпсіздігі үшін тікелей жауапкершілік алуды міндетті деп санамайды.
Таяу Шығыстағы мүдделер
Қытай үшін Таяу Шығыс аймағы стратегиялық маңызға ие. Иран Бейжіңге мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттердің бірі болғанымен, аймақта Қытайдың басқа да ірі серіктестері бар.
Мәселен, Сауд Арабиясы Қытай нарығына Ираннан да көп мұнай экспорттайды. Сонымен қатар Қытай Біріккен Араб Әмірліктері мен Парсы шығанағы елдерімен кең ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың Иранға ашық әскери қолдау көрсетуі бұл мемлекеттермен қарым-қатынасты қиындатуы мүмкін. Бұған қоса, Бейжің Израильмен де экономикалық байланыстарын сақтап отыр.
Геосаяси есеп
Қытай үшін қазіргі кезеңдегі басты басымдық — АҚШ-пен тікелей қақтығысқа бармай, экономикалық және технологиялық әлеуетін нығайту. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің жаңа бесжылдық жоспар аясында технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізуге, сирек кездесетін металдар нарығындағы жетекші орнын сақтауға және өндірістік әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Осы себепті Қытай Ирандағы әскери жанжалға араласудан гөрі, жағдайды сырттай бақылап, өз стратегиялық мүдделерін сақтауды тиімді деп санайды.
Тіпті Ирандағы саяси жағдай өзгерген күннің өзінде, жаңа билік Қытаймен қарым-қатынасты жалғастыруға мәжбүр болады деген пікір бар. Себебі Бейжің Иран мұнайының негізгі сатып алушыларының бірі әрі технологиялық серіктесі болып қала береді.
Осылайша сарапшылардың бағалауынша, Қытай үшін аймақтық соғысқа араласудан гөрі, экономикалық және дипломатиялық ықпалын күшейту әлдеқайда тиімді стратегия болып отыр.