АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық бюрократияны қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. Құжат жеті федералдық агенттікті, соның ішінде АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігін (USAGM) қамтиды. Бұл агенттікке «Америка дауысы» (Voice of America) және «Азаттық радиосы» (RFE/RL) кіреді. USAGM ресми сайтында хабарланғандай, президенттің жарлығы аясында «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосының» қызметкерлері ақылы демалысқа жіберіледі.
Ресейде «Азаттық радиосы» «қажетсіз ұйым» деп танылып, «шетелдік агенттер» тізіміне енгізілгенімен, Қазақстан билігі әзірге мұндай шешім қабылдаған жоқ. RFE/RL-дің Қазақстандағы қызметінің басшысы Торокул Дооров «Радио Азаттық» Қазақстанда әзірге жұмысын жалғастырады, бірақ болашағы белгісіз екенін мәлімдеді.
«AsiaToday» басылымының жазуынша, «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосының» жабылуын негізінен оппозиция өкілдері ғана жоқтап отыр.
«АҚШ-тың сыртқы саясатындағы басымдықтардың өзгеруіне байланысты бұл ақпарат құралдарының қаржыландыруы тоқтатылып отыр. Кейбір конгрессмендердің пікірінше, бұл медианың жұмысы ескірген, ал олардың қазіргі әлемдегі рөлі әлсіреген», – деп жазады «AsiaToday».
Telegram-дағы «Чемодан госсекретов» арнасы «Радио Азаттық» қызметін белсенді қорғап жатқан аудитория бұрын АҚШ елшілігінің гранттарын алғандар екенін атап өтті.
«Американдық қаржыландырумен жұмыс істейтін медианың жабылуына қарсы шыққандар Қазақстандағы "Хабар" және басқа мемлекеттік БАҚ-ты да жабуды талап етіп отыр. Демек, бұл адамдар үшін Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғайтын БАҚ-тан гөрі, шетелдік насихат құралы маңыздырақ», – деп жазады арна авторлары.
Басылым пікірінше, «Азаттық» қызметкерлері Қазақстанның мүддесін қорғаған жоқ, керісінше, АҚШ пен Украинаның саясатын жақтады.
Қазіргі уақытта «Радио Азаттық» командасы еуропалық гранттар арқылы жұмысын жалғастыруы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Кейбір болжамдарға сәйкес, Трамп бұл шығындарды одақтастарына жүктегісі келеді. Бірақ қаржыландырудың көлемі мүлде басқа деңгейде болады.
17 наурызда Чехия Еуроодаққа АҚШ қаржыландыруынан айырылған «Азаттық радиосын» сатып алуды ұсынды. ЕО-ның бас дипломаты Кая Каллас бұл мәселені зерттеу қажет екенін айтты, бірақ ұйымның автоматты түрде қаржыландыруды өз мойнына ала алмайтынын жеткізді.
Қазіргі уақытта Австрия, Бельгия, Чехия, Эстония, Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Словения және Швеция «Азаттық радиосын» қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.