Munarmedia.kz 03.02.2026 /Астана/-Ресей әскері Украина энергетикалық инфрақұрылымына кезекті жаппай соққы жасады. Шабуыл –20 градусқа дейін төмендеген қақаған аяз кезінде жүзеге асқан. Киев пен Харьков қалаларында зардап шеккендер бар, бірқатар аудандарда электр қуаты мен жылу жүйесі өшірілді.
Киевке баллистикалық зымырандармен соққы жасалғанын Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапы қатаң аязды пайдаланып, ел астанасына кезекті рет жаппай шабуыл жасауды жөн көрген.
«Қазір Киевте ауа температурасы –20 градус. Осындай аязда ресейліктер қаламызға кезекті жойқын соққы беруді шешті», — деп жазды ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан екі адам жарақат алған. Зақымданулар Дарницкий, Деснянский, Днепровский, Печерский және Шевченковский аудандарында тіркелді. Сонымен қатар, 22 қабатты тұрғын үйдің бүлінгені хабарланды.
BBC-дің Украин қызметінің дерегінше, Киевке алғашқы баллистикалық зымырандар тигеннен кейін қаланың көптеген аудандарында жарық пен жылу жүйесі істен шыққан.
Ресей әскері Харьков қаласы мен оның маңына да соққы жасады. Бұл туралы облыстық әкімдік басшысы Олег Синегубов хабарлады. Харьковта 27 және 58 жастағы екі ер адам жарақат алған. Қала әкімі Игорь Тереховтің айтуынша, соққылар әдейі энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған.
«Мақсат айқын — энергетикалық нысандарды барынша қирату және қатты аязда қаланы жылусыз қалдыру», — деп жазды ол.
Бұған дейін Кремль Ресейдің 1 ақпанға дейін Киевке соққы жасаудан бас тартуға келіскенін мәлімдеген еді. Ал бір күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский соңғы тәулікте майдан шебіне жақын және шекара маңындағы аймақтарда энергетикалық нысандар атқыланғанын, алайда ірі энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған нақты соққылар болмағанын айтқан. Оның сөзінше, Ресей әскері бұл кезеңде «логистикаға қарсы террорға» басымдық берген.
Дереккөз: Meduza Live