Макинск қаласында 89 жастағы әже мен 72 жастағы жиенін жұдырықпен өндірмек болды

44

Munarmedia.kz 03.02.2026 /Астана/ Бұл оқиға алғаш естігенде анекдотқа ұқсайды. Алайда оның соңы сот үкімімен, жаза тағайындаумен және пробациялық бақылаумен аяқталды.

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы жасы үлкен екі жергілікті тұрғынға қатысты істі қарады. Бірі – 89 жастағы әже, екіншісі – оның 72 жастағы жиені.

Қақтығысқа себеп – ақша. Дәлірек айтқанда, туыстардың пікірінше, тым ұзақ уақыт бойы қайтарылмай жүрген ескі қарыз.

Сот материалдарына сәйкес, әйелдер жәбірленушіні көпқабатты үйдің кіреберісінде кездестіріп, қарым-қатынасты анықтауға кіріскен. Алайда сөзбен басталған әңгіме тез арада күш қолдануға ұласқан. Дәлелдің орнына жұдырық жұмсалған.

Салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған ми шайқалуы және жабық бас-ми жарақаты диагнозын қойған.

Бірінші сатыдағы сот екі әйелді де денсаулыққа жеңіл зиян келтірді деп танып, әрқайсысына 7 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын және пробациялық бақылау тағайындады.

Сонымен қатар, өз бетінше «коллекторлық қызмет» атқармақ болған әйелдерден ортақ тәртіпте:

  • 130 мың теңге материалдық шығын,

  • 500 мың теңге моральдық зиян,

  • 200 мың теңге сот шығындары өндірілді.

Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұл оқиға бір жайтты айқын көрсетеді: жас – жауапкершіліктен босататын индульгенция емес. Ал қарызды қайтарудың ең дұрыс жолы — жұдырық емес, заң аясындағы сот тәртібі.