Munarmedia.kz-13.11.2026ж/Астана/-Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 27 қаңтарға жоспарланған президент сайлауы қарсаңында елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында ұлтаралық араздық тудыруды көздейтін саяси әрекеттер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір саясаткерлер сайлау алдында арандатушылық әрекеттер ұйымдастырып, екі халықты бір-біріне қарсы қоюды жоспарлап отыр. Мұндай әрекеттердің мақсаты – елде тәртіпсіздік туғызып, сайлаудың өтуіне кедергі жасау.
Жапаровтың сөзінше, бұған дейін Қытай тақырыбы төңірегінде арандату әрекеттері нәтиже бермеген соң, енді екі бауырлас халықтың арасына іріткі салу көзделіп отыр. Президент мұндай әрекеттерге Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысына қарсы күштер мүдделі болуы мүмкін екенін де атап өтті.
Қырғызстан басшысы ел азаматтарын арандатуға ермеуге және ұлтаралық жанжалға жол бермеуге шақырды.
Ол Қырғызстанның 1990 және 2010 жылдары осындай қақтығыстарды бастан өткергенін еске салды. Сол оқиғалар кезінде қырғыздар мен өзбектер арасында болған қақтығыстардан көптеген бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Президент арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер мен әрекеттер туралы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне дереу хабарлауды сұрады.
«Біз бірлікті сақтаған жағдайда ғана кез келген арандатушыларға қарсы тұра аламыз және олардың арам пиғылдарын жүзеге асыруына жол бермейміз. Бірлік пен бейбітшіліктің қадірін білейік, оны көздің қарашығындай сақтайық», – деді Садыр Жапаров.
#Қырғызстан #СадырЖапаров #Өзбекстан #ҰлтаралықКелісім #ОрталықАзия #Саясат