«Самұрық-Қазынада» 351 млн теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталды

30

Munarmedia.kz 29.11.2025 /Астана/ Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ-ның мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігіне жүргізген кешенді аудитін аяқтап, холдинг пен оның еншілес ұйымдарындағы стратегиялық басқару жүйесіне баға берді. Тексеру корпоративтік орталықтың жұмысын, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да компанияларды қамтыды. Жалпы алғанда аудит 18 заңды тұлғаның қызметін, депутаттық сауалдар мен қоғамдық сұраныстарды ескере отырып, қамтыған.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» тобының жиынтық табысы 16,5 трлн теңгені, ал консолидацияланған таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құрады. Аудит кезеңінде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңге аударған. Оның ішінде 779,9 млрд теңге — дивидендтер, 1,6 трлн теңге — активтерді бәсекелі ортаға беру есебінен түскен қаражат. Бұған қоса қор Президент пен Үкіметтің тапсырмаларын орындауға 673 млрд теңге бағыттады.

Стратегиялық жоспарлау мен корпоративтік басқаруда бірқатар олқылықтар анықталды. 2018–2021 жылдарға арналған Трансформация бағдарламасының басты мақсаты — сегіз компанияны шетелдік баламалары деңгейіне жеткізу — орындалмаған. Бағдарламадан күтілетін пайданың орнына нақты нәтиже 154,5 млрд теңгені ғана құрап, жоспарланған көрсеткіштің екі есеге төмен болғаны анықталды. Сондай-ақ стратегиялық құжаттардың сапасыз әзірленуі, жоспардың төмендетілген көрсеткіштермен бекітілуі және даму жоспарының орындалуына жеткілікті бақылаудың болмауы сынға алынды.

Аудит барысында қор пайдаланып отырған жеті ақпараттық жүйенің тек төртеуі толыққанды жұмыс істейтіні анықталды. Басқару есебі жүйесі — SAP BPC ақаумен жұмыс істейді, ал кейбір қаржылық есептер әлі күнге дейін қолмен жүргізіледі. Ішкі нормативтік құжаттардың өзектілігі де мәселе туғызуда: шамамен 15%-ы қолданылмайды және оларды жаңарту немесе жою қажет.

Басқару құрылымының тиімділігі де төмен. Директорлар кеңесі жанындағы бес комитеттің үшеуі — стратегия жөніндегі, трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау жөніндегі және арнайы комитет — жұмыс істемейді. Фонд басқармасының жанындағы жеті комитеттің екеуі, оның ішінде модернизация және тұрақты даму комитеттері, 2024 жылдан бері қызметін атқармаған.

Аудиторлардың айтуынша, холдинг құрылымы тым күрделі: қор тобында алты деңгей бойынша бөлінген 326 компания бар. 2020–2024 жылдар аралығында 23 компанияның мүлде белсенділік көрсетпегені анықталса, 2024 жылы 41 компания жылды шығынмен аяқтаған.

Инвестициялық жобаларды іске асыруда да айтарлықтай кемшіліктер тіркелді. 2020 жылдан 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жоспарланған 175 жобаның тек 49-ы ғана аяқталған.

Жалпы тексеру қорытындысында 351,8 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы, 122,2 млрд теңгенің тиімсіз жоспарлануы мен игерілуі, сондай-ақ 119 жүйелік кемшілік анықталды. Жоғары аудиторлық палата кейбір материалдарды әкімшілік іс қозғау үшін тиісті органдарға жолдаса, өзге фактілер құқық қорғау құрылымдарына берілді.