Санкциялар Қазақстанға да жетті: банктік домино мен мұнай тәуелсіздігіне төнген қауіп

35

Munarmedia.kz.03.11.2025 ж. /Астана/-Еуропалық одақтың Ресейге қарсы кезекті санкциялық топтамасы Қазақстан экономикасына да әсер ете бастады. Бұл жолы қысымның алғашқы толқыны қаржы секторы арқылы сезілді — отандық ВТБ банкі санкциялық тізімге ілінді. Сарапшылар мұны жай ғана оқиға емес, Астананың сыртқы экономикалық бағытын анықтауға бағытталған «саяси белгі» деп бағалап отыр.

Ресейге қарсы 19-пакеттік санкциялар Еуропада көпшілікке бұрынғыдай қалыпты жаңалық болып көрінгенімен, Қазақстан үшін бұл жолы жағдай өзгеше. Өйткені Еуроодақ алғаш рет тікелей қазақстандық қаржы институтына — «ВТБ Казахстан» банкіне шектеу енгізді.

Аталған банк ресейлік ВТБ-ның еншілес құрылымы және актив көлемі бойынша еліміздегі 23 банктің ішінде 21-орында тұр. Яғни, формалды түрде алғанда, оның үлес салмағы аса үлкен емес. Дегенмен бұл шешімнің экономикалықтан гөрі геосаяси салмағы басым, дейді сарапшылар.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев та журналистерге берген түсініктемесінде, санкцияның қазақстандық қаржы жүйесіне айтарлықтай әсері болмайтынын айтты.

«Біздің банк жүйеміз жеткілікті түрде әртараптанған. ВТБ Қазақстанның қаржы нарығындағы үлесі тым аз, сондықтан жүйелі тәуекел жоқ», – деді ол.

Алайда экономист Арман Бейсембаев мұндай оптимизммен келіспейді:

«Бұл – ескерту. Қазақстанға берілген нақты сигнал. Яғни Батыс Астанаға “экономикалық бейтараптық шегін” анықтауды ұсынып отыр. Санкцияға іліккен бір ғана банк емес, бүкіл бағытқа жасалған сынақ», – дейді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қиын жағдайы – оның геоэкономикалық құрылымында. Елдің банк жүйесі мен экспорттық нарығы әлі де болса Ресеймен тығыз байланыста. Мұнай тасымалының 80 пайыздан астамы Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтеді.

Батыстың жаңа санкциялары дәл осы бағытқа әсер етуі мүмкін деген қауіп бар. Егер КҚК қызметіне шектеу қойылса немесе ресейлік тарап техникалық себептерді алға тартып тоқтатса, Қазақстанның мұнай экспорттық тәуелсіздігіне соққы тиеді.

Экономист Бейсембаевтың айтуынша,

«Қазақстан әзірге екі оттың ортасында. Бір жағынан – Батыс нарығына шикізат жеткізуші ел, екінші жағынан – Ресей инфрақұрылымына тәуелді экспортшы. Санкциялар тізімі кеңейген сайын бұл теңгерім сақтау қиындайды», – дейді ол.

Энергетикалық сарапшылар да Қазақстанның «мұнай суверенитеті» ұғымын қайта қарау қажет дейді. Егер елдің басты экспорт арнасы бөгде елдің бақылауында болса, онда экономикалық тәуелсіздік туралы айту қиын.

Бұған дейін де бірнеше рет КҚК құбыр желісі «техникалық ақаулар» мен «ауа райы себептерімен» тоқтатылған болатын. Әр жолы Қазақстан мұнай экспортының айтарлықтай бөлігі кедергіге ұшыраған.

Қазір Үкімет Транскаспий бағыты мен Қытай бағытындағы альтернативті жолдарды дамыту жоспарын қайта қарап жатыр. Дегенмен бұл ұзақ мерзімді шешім. Ал санкцияның әсері — бүгінгі күннің шындығы.

Қазақстан әзірге бейтарап ұстанымын сақтап келеді. Алайда әлемдік санкциялық архитектура тереңдеп, Ресеймен экономикалық байланысқа түскен елдерге қысым күшейсе, бұл саясатты ұстану барған сайын қиынға соғады.

«Біз бейтарап елбіз» деген позиция экономикалық шындықпен бетпе-бет келгенде өзектілігін жоғалтады, дейді сарапшылар. Сондықтан қазіргі жағдай — Қазақстан үшін стратегиялық таңдау кезеңі.

ВТБ банкіне салынған санкциялар – жай ғана қаржы институтына қарсы шара емес. Бұл Қазақстанның болашақ экономикалық бағыты мен энергетикалық тәуелсіздігіне қатысты үлкен геосаяси сынақ.
Алдағы айларда Астана санкциялық қысымға қандай жауап қайтаратыны – елдің қаржы және сыртқы саясатындағы басты көрсеткіштердің бірі болмақ.