Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

«Санкцияларға қарамастан»: Путин КТК-ның шетелдік акционерлеріне станцияны жөндеуге техника жеткізуді ұсынды

64


РФ вице-премьері Александр Новак Ресей президенті Владимир Путинге Каспий құбыр консорциумының (КТК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дрондар шабуылының салдарын баяндады. Оның айтуынша, бұл шабуыл Ресей мен АҚШ-тың Эр-Риядтағы келіссөздеріне жауап ретінде жасалған болуы мүмкін.

«Транснефть» компаниясы мәлімдегендей, Украинаның қарулы күштеріне тиесілі жеті дрон шабуылынан кейін «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы айтарлықтай зақымданған. Осыған байланысты Владимир Путин КТК-ның шетелдік акционерлеріне станцияны жөндеу үшін қажетті жабдықтарды жеткізуді ұсынды.

«Егер шетелдік инвесторлар КТК қызметін қалпына келтіруге мүдделі болса, онда олар барлық санкцияларға қарамастан қажетті жабдықты жеткізуді ұйымдастырсын», – деп Путиннің сөзін келтіреді БАҚ өкілдері.

Каспий құбыр консорциумының акционерлері:

  • «Транснефть» (24%)
  • «ҚазМұнайГаз» (19%)
  • «Chevron Caspian Pipeline Consortium Company» (15%)
  • «Лукойл Интернешнл ГмбХ» (12,5%)
  • «Mobil Caspian Pipeline Company» (7,5%)
  • «Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited» (7,5%)
  • «МК КТК Компани» (7%)
  • «BG Overseas Holdings Limited» (2%)
  • «Eni International N.A. N.V. S.ar.l.» (2%)
  • «Kazakhstan Pipeline Ventures LLC» (1,75%)
  • «Oryx Caspian Pipeline LLC» (1,75%)

Америкалық «Chevron» компаниясының өкілі қазіргі жағдайды мұқият бақылап отырғанын хабарлады.

Ресейлік «Транснефть» КТК-дағы зақымдануға байланысты алдағы 1,5-2 ай ішінде Қазақстан мұнайының тасымалы 30%-ға қысқаруы мүмкін екенін мәлімдеді.

КТК – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты

Қазақстандық энергетика сарапшысы Олжас Байділдинов бұл шабуылға Қазақстан билігінің реакциясы болуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, елшілік өкілін кері шақыру, жеке санкциялар енгізу және стратегиялық нысандарды қорғау үшін РЭБ бөлімшелерін дайындау маңызды.

Байділдиновтің айтуынша, шабуылдан келген жалпы шығын 2 миллиард доллар шамасында, оның 30%-ы (600 млн доллар немесе 300 млрд теңге) Қазақстан бюджетіне тікелей әсер етуі мүмкін.