Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыры Қазақстаннан тасымалданатын мұнай көлемін 1,5-2 айға 30%-ға дейін қысқартуы мүмкін.
— Осы қаражаттың кемінде 30%-ын биылғы жылы Қазақстан бюджеті тікелей жоғалтады. Бұл шамамен 600 миллион доллар немесе 300 миллиард теңге, — деп мәлімдеді Қазақстан Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі, сарапшы Олжас Байділдинов.
Қазақстандық сарапшы есептерді былайша түсіндірді:
— 2024 жылы КҚК арқылы Қазақстаннан 53,8 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл айына 4,5 миллион тонна, ал екі айда — 9 миллион тонна деген сөз. Осы көлемнің 30%-ы — 2,7 миллион тонна немесе 19,7 миллион баррель, оның нарықтық құны шамамен 1,4 миллиард долларды құрайды (70 доллар/баррель бағасымен).
— Сондай-ақ Теңіз кен орны кеңейтілген өндіріске көшкендіктен, мұнай өндіру көлемі артуы керек болатын. Бұған қоса, мұнай айдау станциясының (НАС) зақымдануы да қосымша шығындарға әкеледі. Осы факторларды ескере отырып, жалпы шығын 2 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін, — деді ол.
Шабуылдың салдары қандай?
Еске салсақ, 17 ақпанда Украина Ресейдің энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасады. Соның ішінде «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы дрондар соққысына ұшырап, ауыр зақым алды. Қазіргі уақытта станция жұмысын тоқтатты.
«Транснефть» компаниясының мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстары 1,5-2 айға созылады, бұл Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемінің шамамен 30%-ға төмендеуіне алып келуі мүмкін.
«Кропоткинская» станциясы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесінің негізгі нүктелерінің бірі болып табылады. Бұл құбыр арқылы Қазақстанда өндірілген мұнай Новороссийск портына жеткізіледі.