Сарапшылар: Ашхабадтың өкпесі бар – Түрікменстан Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» шақырылмады

27

Munarmedia.kz 23.02.2026 /Astana/ Сарапшылардың айтуынша, Ашхабадта ресми Вашингтонға қатысты салқын көзқарас қалыптасқан. Бұған себеп – билеуші Бердімұхамедовтер әулетінің өкілдері АҚШ-та өткен «Бейбітшілік кеңесі» саммитіне шақырылмаған.

Талдау материалдарын жариялайтын «Türkmen ýigidi Serdar» басылымының жазуынша, ұйым отырысына көршілес елдердің басшылары – Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан президенттері және Ресей президенті Владимир Путин шақырылған. Ал Түрікменстан тізімде болмаған.

Image


Саммит 19 ақпанда АҚШ-та өтті. Ал 16 ақпанда Гурбангулы Бердымухамедов күтпеген жерден Америкаға аттанған еді. Алайда 18 ақпанда елге қайтып, жолай Германияға соққан.

Халк Маслахаты төрағасы Флорида штатында, Ақ үй басшысы Дональд Трамп резиденциясына жақын маңда болғанымен, тараптардың кездескені туралы ресми ақпарат жарияланбады. Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сәйкес, Бердімұхамедов АҚШ-та гольф-клубтар мен ат спорты кешендерін аралап, бизнес өкілдерімен кездескен. Кездесулерде Аркадаг қаласы мен «Аваза» ұлттық туристік аймағында гольф алаңдарын салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік мәселелері талқыланған.

Сондай-ақ ол америкалық және израильдік қаржы және бизнес өкілдерімен жүздескені айтылады.

Саясаттанушылардың пікірінше, жарияланбаған бұл сапар Ақ үйдің назарын аудартуға бағытталған. «Түрікмен дипломатиясының мақсаты – АҚШ-та бой көрсетіп, өзіне көңіл аударту», – деп жазады дереккөз. Сарапшылардың пайымынша, Түрікменстан өзін «аймақтағы және әлемдегі жалғыз бейтарап мемлекет» деп таныстырып келгенімен, саммитке шақырылмауы ресми Ашхабадқа елдің халықаралық салмағының нақты деңгейін аңғартқан.

Осы уақытқа дейін АҚШ-тың Ашхабадтағы елшілігі де, Мемлекеттік департамент те Бердімұхамедовтің Флоридаға сапарына қатысты пікір білдірмеген.

Бақылаушылардың айтуынша, түрікмен билігінің бейресми ұстанымын жиі жеткізетін кейбір сайттар «Бейбітшілік кеңесін» сынаған бірнеше материал жариялаған.

Сонымен қатар Ашхабадта АҚШ әкімшілігінің екі жоғары лауазымды дипломатының – армия министрі мен Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің сапарынан кейін де белгілі бір көңіл толмаушылық қалғаны айтылады. Дереккөздің мәліметінше, америкалық тарап Түрікменстаннан не күтетінін нақты айтқанымен, нақты ұсыныс білдірмеген.

Түрікменстан Бердімұхамедовтің сапарына дайындалғаны байқалады: 2025 жылғы мұнай-газ өндіру және өңдеу көрсеткіштері жарияланған. Кейбір сарапшылардың болжамынша, ұлттық көшбасшы АҚШ-пен тиімді энергетикалық келісімге үміт артқан.

Атап айтқанда, ол инвесторларға көп жылдан бері іске аспай келе жатқан ТАПИ газ құбыры жобасын жандандыруды ұсынған болуы мүмкін.

Сарапшылар Түрікменстанның екі маңызды активі бар екенін атап өтеді: стратегиялық орналасуы және табиғи газ қоры. Қалыптасып отырған геосаяси ахуал, оның ішінде Орталық Азия елдерімен жасалып жатқан ресурстық келісімдер мен Вашингтонның аймаққа қатысты жоспарлары бұл активтерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беруі ықтимал.

Бердімұхамедовтің АҚШ-қа сапары аясында тағы бір назар аудартқан жайт – 17 ақпанда Түрікменстан СІМ-де өткен брифингте ЕО-ның Ашхабадтағы елшісі Беата Пекса Брюссельдің Гурбангулы Бердімұхамедовті қуана қарсы алуға дайын екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, тек сапар мерзімін нақтылау жеткілікті.

Осылайша, «Бейбітшілік кеңесіне» шақырылмау Түрікменстан үшін символдық мәні бар оқиғаға айналып, елдің сыртқы саяси стратегиясы мен халықаралық беделі төңірегіндегі талқылауларды күшейтті.