Munarmedia.kz 18.11.2025 / Астана /-«Московский комсомолец» басылымының хабарлауынша, Ресей астанасында РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуға жасалмақ болған қастандықтың алдын алған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қастандықты украин арнайы қызметтерінің тапсырмасымен әрекет еткен диверсиялық топ әзірлеген. Олардың құрамына Орталық Азиядан келген заңсыз мигрант, бұрын сотталған есірткіге тәуелді екі ресейлік және Киевте тұратын, Ресейде кісі өлтіру және қару-жарақ айналымы бойынша іздеуде жүрген Джалолиддин Шамсов кірген.
Жұма күні Ресейдің ФҚҚ ведомствосы жоғары лауазымды тұлғаның Троекуров зиратына туыстарының қабіріне барған кезінде қастандық әрекеті жоспарланғанын, бірақ уақытылы бөгелгенін хабарлады.
Осы ақпараттардан кейін Орталық Азия елдеріндегі бірқатар Telegram-арналарында Ресейде мигранттарға қатысты «кезекті жаппай тексерулер» басталуы мүмкін деген алаңдаушылық таралуда.
2024 жылғы наурызда Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында болған терактіден кейін Ресей мигранттарға қатысты бақылауды — елге кірген кезде де, ел ішінде де — айтарлықтай күшейткен. Ол оқиғаға қатысты күдіктілердің арасында Орталық Азиядан шыққандар болған.
Сонымен бірге сол қайғылы жағдайда зардап шеккендерді құтқаруға тәжік, өзбек, қырғыз, әзербайжан және орыс ұлтының өкілдері бірдей атсалысқан еді. Қиындық адамдарды біріктіргенімен, құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүр болды.