Солтүстіктен астанаға тқрғындардың жаппай көшуі ұлттық қаупсіздік мәселесі

7

Мұнармедиа Ақпарат Агенттігі 05.09.2026-АСТАНА. Солтүстіктен Астанаға ағылған халық – урбанизацияның табиғи процесі ғана емес.
Бұл өңірлік саясаттың дұрыс жүрмей жатқанын көрсететін дабыл.
Қазақстанда демография туралы сөз болғанда, әдетте халық санының өскені айтылады.
Бірақ жалпы ұлттық көрсеткіштің ар жағында ел үшін әлдеқайда маңызды басқа процесс жүріп жатыр.
Халық көбейіп жатқан жоқ, керісінше географиялық тұрғыдан қайта бөлініп жатыр.
Бірнеше өңірдің халқы азайып экономикалық және әлеуметтік әлеуетінен айырылуда.
Көшкендер көбінесе Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға шоғырлануда.
Бұл – жай ғана урбанизация емес. Бұл Қазақстанның аумақтық кеңістігінің өзгеруі.
Ал Астананың халқының саны 1,5 миллионнан асты деседі.
Тек 2026 жылдың алғашқы алты айында елордаға ішкі көші-қон есебінен 32,7 мың адам келген.
Бұл ресми дерек ғана.
Ал бейресми деректерде жылына астанаға 100 мыңнан аса адам көшіп барады екен.
Қостанай облысында бейресми 300 мыңнан астам ғана қалды деген дерек бар.
Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі...
Астана халықты тартып жатқан жоқ.
Солтүстік халықты ұстап қала алмай жатыр.
Мәселенің түпкі мәні осында.
Адам туған ауылынан Астанаға бекер көшпейді.
Туған елін, жерін тастап кету оңай емес.
Ол жұмыс, баласының мектебі, медицина, тұрғын үй, жол, қауіпсіздік және болашақ іздеп көшеді.
Егер туған ауылында жұмыс болмаса, мектеп жабылса, жол жөнделмесе, ауруханаға жету қиын болса, жастардың қалаға кетуі – заңды құбылыс.
Сондықтан әкімдіктер «халық қалаға көшіп жатыр» деп статистикаға бейжай қарап отырмауы керек еді.
Әкімнің міндеті – халықтың қайда көшкенін тіркеу емес, көшу себебін анықтау және тоқтату.
Жағдай жасау.

Бүгін Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін бұл ең маңызды мемлекеттік мәселенің біріне айналуы керек еді...
Мысалы, Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы Андықожа батыр ауылының жағдайы – үлкен проблеманың шағын көрінісі.
Кезінде тіршілігі қайнаған ауылда қазір халық азайып, мектептегі бала саны қысқарып, жұмыс орындары жоғалды.
Ауылға апаратын жол мәселесі де ондаған жыл бойы толық шешілмеген.
Бір ауылдың тағдыры сияқты көрінгенімен, бұл жерде мемлекеттік саясатқа қарсы жұмыстың нәтижесі деп бағалауға болады.
Біз ауылдарды сақтап қаламыз ба, әлде олардың табиғи жолмен жойылуына қарап отырамыз ба деген сұрақ туындайды.

«Мектеп азайды – мектепті жабамыз» деген логика ауылды өлтіреді. Ауылда 100 бала қалды.
Мектепті жабамыз.
Мектеп жабылған соң жас отбасылар кетеді.
Халық азаяды, балалар сан кемиді.
Содан кейін фельдшерлік пункт тиімсіз болады.
Дүкен жабылады.
Кәсіпкер келмейді.
Салық түсімі азаяды.
Ақырында ауылдың экономикалық негізі жойылады.
Бұл – депопуляцияның тұйық шеңбері.
Халықаралық тәжірибе дәл осы қауіпті көрсетеді.
OECD-нің 2025 жылғы зерттеуінде халық азайған өңірлерде салық базасының тарылуы, еңбек күші мен маман тапшылығы, инфрақұрылымды ұстау шығынының өсуі байқалатыны айтылады.
Ең қауіптісі – халықтың азаюы қызмет сапасын төмендетіп, инвестицияны азайтады.
Астана үшін бұл ауыр жүк, ауыр салмақ.
Әлеуметтік проблема.
Яғни бір әкімдер әлеуметтік проблемадан қашып, астанаға өз мәселелерін жүктеп қойып отырады.
Сонда бұл әкімдер қаншалықты тиімді жұмыс жасауда деген сұрақ туындайды...
Бір қарағанда, халықтың Астанаға келуі – елорданың экономикалық тартымдылығының белгісі сынды көріңгенмен, шектен тыс шоғырланудың екінші жағы да бар.
Халық көбейген сайын жаңа мектеп, балабақша, емхана, жол, инженерлік желі, қоғамдық көлік, тұрғын үй қажет.
Бұл – бюджетке қосымша салмақ.
Астанаға келген әрбір отбасы – бір жағынан еңбек ресурсы, екінші жағынан жаңа әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныс.
Егер қала сыртқа қарай бақылаусыз жайыла берсе, көлік кептелісі, инженерлік желілердің ұзындығы, мектеп тапшылығы және тұрғын үй бағасының өсуі сияқты мәселелер күшейеді.

OECD де урбанизация кезінде жоспарсыз қала экспансиясы көлікке, ауыл шаруашылығы жерлеріне, қоғамдық қызметтерге және ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа қосымша қысым түсіретінін атап көрсетеді.
Сондықтан Астананың шамадан тыс өсуін солтүстік өңірлердің мәселесінен бөлек қарауға болмайды.
Бұл – бір мәселенің екі жағы.
Солтүстіктегі халықтың кетуі – Астананың шамадан тыс өсуіне айналып отыр.
Әлем бұл проблеманы қалай шешіп жатыр?
Әлемдік тәжірибеде халық саны азайып жатқан өңірлерге «бәрін бұрынғыдай сақтап қаламыз» деген тәсіл де, «халық бәрібір кетеді» деп қол сілтеуге жол бермейді.
OECD елдері соңғы жылдары place-based policy, яғни әр өңірдің өзінің ерекшелігіне қарай саясат жүргізу тәсіліне көбірек көңіл бөліп отыр.
Ауылдың экономикасын сол жердің нақты мүмкіндігіне – ауыл шаруашылығына, өңдеуге, туризмге, энергетикаға, цифрлық экономикаға немесе логистикаға сүйеніп дамыту ұсынылады.
Жапония халық азайып жатқан өңірлер үшін «Compact + Network» қағидатын қолдануда.
Яғни барлық елді мекенді бұрынғы қалпында ұстап тұру үшін, тұрғындардың негізгі қызметтерге қолжетімділігін сақтай отырып, әлеуметтік нысандарды ықшам орналастыру және оларды көлік желісімен байланыстыру көзделеді. Жапонияның қазіргі аумақтық саясатында бұл тәсіл әкімшілік шығынды азайтып, тұрғындарға қызмет көрсетуді сақтауға бағытталған.
Корея да ауылдардың босауын тек демографиялық мәселе ретінде емес, еңбек өнімділігі, өндіріс, инфрақұрылым және аймақтық экономика мәселесі ретінде қарастырады.
Қазақстанға да осындай жаңа көзқарас қажет.
Солтүстікке әкім емес, экономикалық стратегия керек.
Солтүстік облыстарға кезекті әкім тағайындау жеткіліксіз.
Бұл өңірлерге демографиялық-экономикалық стратегия қажет.
Әкімнің еңбегі қанша миллиард тенге бюджет қаражатын игергенімен емес, қанша инвестиция тартқанымен, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық санын сақтап қалу, дотациядан шығу және ауыл,, аудан инфрақұрылымын дамыту көрсеткішімен өлшенуі керек.
Егер әкім басқарған бес жыл ішінде аудан халқы мыңдаған адамға азайса, ауылдар жабылса, жастар көшсе, инвестиция келмесе – мұны жай ғана «демографиялық процесс» деп түсіндіру дұрыс емес.
Бұл – басқару сапасының көрсеткіші.
Солтүстікке «ауыл сақтаушы» емес, жаңа экономикалық модель керек.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының негізгі артықшылығы – ауыл шаруашылығы, жер, астық, мал шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және Астанаға жақындығы зор мүмкіндік береді
Бірақ шикізат өндіретін ауыл ешқашан тұрақты жұмыспен қамтудың толық моделіне айналмайды.
Бізге егін → өңдеу → дайын өнім → экспорт деген толық өндірістік тізбек керек.
Егінді миллиондап тонна алдық дегенмен одан өнім жасап сатпаса бұл көрсеткіш емес.
Мал өсіретін ауылда тек мал сатылмауы керек.
Онда жем өндірісі, ет өңдеу, сүт өндірісі, ветеринариялық қызмет, логистика, қаптама, агротехнология сияқты ондаған кәсіп пайда болуы тиіс.
Сол кезде ауылдың экономикасы бюджет трансфертіне емес, өндіріс пен жеке табысқа сүйенеді.
Ең қауіптісі – солтүстіктің демографиялық «қартайып» барады.
Жастар кеткен жерде тек халық саны азаймайды.
Ең алдымен еңбекке қабілетті, білімді, кәсіпкерлікке бейім адамдар кетеді.
Ауылда көбіне егде адамдар қалады.
Бұл бірнеше жылдан кейін мектеп мәселесін ғана емес, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек нарығы мәселесін де күшейтеді.
Сондықтан бүгінгі көші-қон – ертеңгі экономикалық мәселе.
Ал ертеңгі экономикалық мәселе – одан кейінгі ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Сол себепті солтүстік өңірлердің демографиялық жағдайына тек әкімдік деңгейінде қарау жеткіліксіз.
Этникалық көші-қон саясаты да жаңа заманға бейімделуі керек
Қазақстан сырттан, оның ішінде этникалық қазақтарды елге тарту саясатын жүргізіп отыр.
Бірақ жаңа көшіп келген адамды халық азайып жатқан солтүстік ауданға апарып, оған жұмыс, тұрғын үй және әлеуметтік жағдай жасалмаса, оны ұзақ мерзімге ұстап қалу қиын.
Адамды картадағы бос ауданға орналастыру жеткіліксіз.
Нақты экономикалық саясат керек.
Жұмыс орны бар жерде – адам қалады.
Мектеп бар жерде – отбасы қалады.
Жол бар жерге – кәсіпкер келеді.
Нарық бар жерде – ауыл өмір сүреді.
Сондықтан көші-қон саясаты мен өңірлік экономикалық саясат бір-бірінен бөлек болмауы керек.
Солтүстіктегі үш облысқа ерекше мемлекеттік бағдарлама қажет.
Меніңше, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары үшін жеке «Солтүстік Қазақстанның демографиялық және экономикалық тұрақтылығы – 2035» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет.
Бағдарламада бес негізгі бағыт болуы тиіс.
Біріншісі – халықты ұстап қалу.
Әкімнің KPI жүйесіне халықтың таза көші-қон көрсеткіші енгізілуі керек.
Екіншісі – ауыл экономикасын қайта құру.
Бюджеттік субсидияға ғана сүйенетін модельден өңдеу өнеркәсібі мен жеке инвестицияға негізделген модельге көшу қажет.
Үшіншісі – мектеп пен әлеуметтік инфрақұрылымды сақтау.
Мектептің жабылуы тек экономикалық тиімділікпен шешілмеуі керек.
Оның ауылдың болашағына әсері есептелуі тиіс.
Төртіншісі – Астана маңындағы агломерациялық саясат.
Астанаға жақын ауылдардың бақылаусыз өсуіне жол бермей, елорда мен Ақмола облысының ортақ көлік, тұрғын үй, мектеп және инженерлік инфрақұрылым жоспары жасалуы қажет.
Бесіншісі – әкімдердің жеке жауапкершілігі.
Әкімдік кезеңінің соңында «қанша қаражат игерілді?» деген сұрақтан бұрын. «Сіз басқарған кезде өңірде қанша адам қалды және қанша жаңа жұмыс орны пайда болды?»
деген сұрақ қойылуы керек.
Солтүстікке жаңа буын менеджерлері керек
Солтүстік облыстарды басқаруға тек әкімшілік тәжірибесі бар аппарат мамандарын жіберу жеткіліксіз.
Бұл өңірлерге экономиканы, аграрлық өндірісті, инвестицияны, логистиканы және демографияны түсінетін жаңа буын менеджерлері қажет.
Өйткені қазіргі мәселе – әкімшілік басқару емес.
Бұл – өңірдің экономикалық моделін қайта құру мәселесі.
Қазақстанның солтүстігі босап, халық Астанаға көшіп жатса, оны тек ауылдың проблемасы деп қарау – стратегиялық қателік.
Себебі Қазақстанның аумақтық тұтастығы картадағы шекарамен ғана өлшенбейді.
Ол сол аумақта тұратын адамның санымен, экономикалық белсенділігімен және болашаққа деген сенімімен өлшенеді.
Солтүстікте адам қалмаса, мектеп қалмайды.
Мектеп қалмаса, ауыл қалмайды.
Ауыл қалмаса, экономика әлсірейді.
Ал экономика әлсіреген жерде халықты ұстап қалу барған сайын қымбаттай береді.
Сондықтан бүгін солтүстік өңірлерге жұмсалған әрбір теңгені жай ғана бюджет шығыны емес, Қазақстанның демографиялық және экономикалық қауіпсіздігіне салынған инвестиция ретінде қарау керек.
Ал Астанаға ағылған халықты тоқтатудың ең дұрыс жолы – Астананың қақпасына тосқауыл қою емес.
Адамның туған жерінен кетуіне себеп болмайтындай жағдай жасау.
Бұл – әкімдердің де, Үкіметтің де, орталық мемлекеттік органдардың да ортақ жауапкершілігі.
Сондықтан ба Солтүстік өңірлерге кеңестік дәуір стилімен басқаратын ескі партократтарды қайта тағайындау мәселені шешпейтінін жоғары жақ білсе екен дейміз.