Munarmedia.kz 26.03.2026 /Astana/ — Пандемия, сауда соғыстары, санкциялар және Таяу Шығыстағы қақтығыстар бизнеске тәуекелдерді қайта бағалауға мәжбүр етті.
Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы экономикалық модель барынша тиімділікке негізделсе, қазіргі жағдайда компаниялар жеткізу тізбектерін әртараптандыруға көшкен. Бұл туралы CMN.KZ экономикалық шолушысы Талгат Турганбек өз материалында талдайды.
Бұрын өндіріс шығыны төмен елдерде, ең алдымен Қытайда шоғырланып, логистика ең тиімді бағыттар арқылы жүзеге асырылды. Мұндай жүйе дамыған елдерде шамамен 30 жыл бойы төмен инфляция мен тұрақты сауда өсімін қамтамасыз етті. Алайда бұл модельдің басты әлсіз тұсы – оның тым тиімді әрі осал болуы еді.
Қазіргі жағдайды сарапшылар «жаһандану жойылған жоқ, тек қауіпсіздік деңгейі жоғары тарифке көшті» деп сипаттайды. Яғни бұрынғы жылдам әрі арзан жүйе енді баяуырақ әрі қымбат, бірақ тұрақты модельмен алмастырылуда.
Соған қарамастан, жеткізу тізбектері толық күйреген жоқ. Халықаралық сауда деректеріне сәйкес, әлемдік сауданың шамамен 45–46 пайызы әлі де қосылған құнның жаһандық тізбектерімен байланысты. Дегенмен негізгі өзгеріс — бизнес шығынды емес, тәуекелді оңтайландыруға көшті.
Қазіргі таңда әлемдік сауданың шамамен 12 пайызы Суэц каналы арқылы өтсе, мұнай жеткізілімдерінің 20 пайызына дейін Ормуз бұғазы тиесілі. Бұл аймақтардағы кез келген тұрақсыздық логистика құнына, энергия тасымалдаушылар бағасына және жаһандық инфляцияға бірден әсер етеді.
Соңғы оқиғалардан кейін кейбір компаниялар жүктерін Африканы айналып жеткізуге мәжбүр болды. Бұл жеткізу мерзімін 10–15 күнге ұзартып, тасымал құнын айтарлықтай арттырған. Нәтижесінде логистика енді экономиканың қосалқы элементі емес, негізгі факторына айналып отыр.
Бұл өзгерістер аясында Қытай экономикасының рөлі де жаңа қырынан көрінуде. Ресми деректерге сәйкес, Қытайдың АҚШ импорты құрылымындағы үлесі шамамен 21 пайыздан 13–14 пайызға дейін төмендеген. Алайда сарапшылар мұны әлсіреу емес, трансформация деп бағалайды.
Өндіріс Мексика, Вьетнам және Үндістан сияқты елдерге ішінара көшкенімен, бұл мемлекеттер әлі де қытайлық компоненттерге, технологиялар мен жабдықтарға тәуелді. Соның нәтижесінде АҚШ Қытайға тікелей тәуелділікті азайтқанымен, жанама тәуелділік сақталып отыр.
Өз кезегінде Қытай жаңа стратегияны белсенді түрде жүзеге асыруда. Ел жаһандық Оңтүстік мемлекеттерімен экспортты арттырып, Орталық Азиямен сауда көлемін 100 млрд доллардан жоғары деңгейге жеткізді. Сонымен қатар өндірістің құрылымын өзгертіп, компоненттер мен технологиялар өндіруге басымдық беруде.
Осылайша, Қытай бұрынғыдай тек «әлем фабрикасы» емес, жаһандық жеткізу тізбектері өтетін негізгі орталыққа айналып келеді.