Munarmedia.kz. 04.11.2026/ASTANA/-Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы полиция бөлімінің бұрынғы басшысы Руслан Сейтқанов пара алғаны және заңсыз алтын өндірушілерге қамқорлық көрсеткені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың көктемінде полиция қызметкері рұқсат құжаттарынсыз алтын өндіруді жоспарлаған кәсіпкермен танысқан. Заңсыз әрекетті тоқтатудың орнына, ол осы жағдайды жеке пайдасына пайдалануды ұйғарған.
Осы мақсатта полиция бөлімінің басшысы қарамағындағы қызметкерлерге тексеру жүргізуді тапсырғанымен, олардың нәтижесінде ешкім жауапқа тартылмайтындай жағдай жасаған. Сөйтіп, тексерулер сырт көзге ғана жүргізілгендей көрініп, кәсіпорын 2025 жылдың көктемінен күзге дейін таулы аймақта ауыр техниканы пайдаланып, құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндірген.
Заңсыз кәсіпке жалпы қамқорлық көрсеткені үшін полиция басшысы 1 миллион теңге талап еткен. Ақшаны беру кезінде оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған. Тінту барысында одан 970 мың теңге тәркіленген.
Сот бұрынғы полиция басшысын ірі мөлшерде пара алу бабымен кінәлі деп таныды. Оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
#ШҚО #Марқакөл #СыбайласЖемқорлық #Парақорлық #ЗаңсызАлтынӨндіру #ҰҚК #Munarmedia