ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАНДЫ ОҚИҒА: АЛТЫ АДАМ 20–23 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

65

Munarmedia.kz. 04.11.2026/ASTANA/-Шымкентте қоғамды дүр сілкіндірген аса ауыр қылмысқа қатысы бар алты адам 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметінше, сотталушыларға адамдар тобы болып алдын ала сөз байласу арқылы бұзақылық жасау, суық қару қолдану, топ болып бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу, сондай-ақ адамды өміріне қауіпті күш қолдану және қару пайдалану арқылы ұрлап әкету мен оны аса қатыгездікпен өлтіру айыптары тағылған.

Қала тұрғындарын шошытқан оқиға биыл 20 қаңтарда Шымкенттің адам көп жүретін көшелерінің бірінде болған. Суық қару қолданылған төбелес пен адам ұрлау сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда полиция қызметкерлері қылмыс орнына дер кезінде жете алмаған.

Бірнеше сағаттан кейін қылмыскерлер ұрланған Шымкент тұрғыны Василий Колесниковтың азапталып өлтірілген денесін қаладан шамамен 100 шақырым жердегі Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылына тастап кеткен.

Марқұммен бірге көлікте болған екі танысы аман қалған. Алайда олардың біреуі алған жарақаттары мен көп қан жоғалту салдарынан өлім аузынан қалған.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты сотталушылардың кінәсін дәлелденген деп таныды. Айта кетейік, олардың кейбірі бұған дейін де сотталған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады.

Сонымен қатар күдіктілердің біреуі әлі күнге дейін тергеуден жасырынып жүр.

#Шымкент #Қылмыс #СотҮкімі #АдамӨлтіру #ҚазақстанЖаңалықтары #Munarmedia