Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Таяу Шығыстағы жаңа соғыс Ресей үшін нені білдіреді

186

Munarmedia.kz 19.06.2025 /Астана-Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыс Ресейдің Украинаға басып кіруін әлемдік күн тәртібінен ығыстырғандай болды. Алайда Мәскеудің өзі бұл жағдайға қуанарын не қайғырарын әлі шеше алмай отыр. Бір жағынан, Ирандағы түрлі экономикалық жобалары күйреу қаупінде. Екінші жағынан, Ресей мұндай тұрақсыздықтан мұнай бағасының өсуі мен Украина мәселесіне деген Батыстың назарын әлсірету арқылы тактикалық пайда көрмек.

Израиль соққыларынан кейін Ресей бірден Батысты айыптап, Тегеранды АҚШ-пен келіссөзге шақырды. Бұл орайда Иранмен «стратегиялық серіктестік» туралы келісім бар екеніне қарамастан, Мәскеу Тегеранға нақты қолдау білдірген жоқ.

Ресейдің әрекеті қазір тек бақылау мен «деэскалацияға шақырумен» шектеліп отыр. Қақтығыс тереңдей түскен сайын, Мәскеудің келіссөздердегі ықпалы да азайып келеді. Өйткені ол өз позициясын Израильге не Иранға нақты жеткізе алмай отыр.

Израиль шабуылдарымен тұспа-тұс Иран парламенті Ресеймен стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялады. Бірақ бұл құжат әскери көмек беруді міндеттемейді, яғни Иранға қолдау тек символдық деңгейде қалып отыр.

Осылайша, Ресей Иранда қазіргі кезде тек стандартты әрекеттерге – азаматтарын эвакуациялауға ғана кірісіп отыр.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Ирандағы ең ірі шетелдік инвестор болды. Тек мұнай-газ саласына 8 миллиард долларға дейін инвестиция құю жоспарланған.

Бұл жобалар аясында Мәскеу:

  • Төлем жүйелерін біріктіру,

  • ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құру,

  • ШОС пен БРИКС аясында интеграцияны күшейту сияқты бастамаларды сынақтан өткізбек болды.

Сонымен қатар, Солтүстік – Оңтүстік дәлізі арқылы транзиттік бағыттарды кеңейту көзделген болатын. Еуропамен көлік қатынасы үзілген соң, Иран балама жол ретінде қарастырылды.

Мәскеудің Түркиядағы газ хабын құру жоспары Анкараның бақылау талаптарынан соң тоқтатылды. Осыдан кейін Ресей Иранда сұйытылған газ экспортын ұйымдастыру үшін жаңа инфрақұрылым (газ құбыры мен теңіз порттары) салуды қолға алған. Бұл жобалар да енді жүзеге аспауы мүмкін.

Егер Иран тұрақсыздық ошағына айналса, инфрақұрылым мен инвестициялар күйрейді. Израиль тек әскери емес, азаматтық инфрақұрылымды, оның ішінде мұнай-газ нысандарын да нысанаға алып жатыр.

Жағдай қаншалықты ауыр болғанымен, Мәскеу үшін қысқа мерзімді пайда да жоқ емес:

  • Мұнай бағасы Израиль шабуылдарына байланысты күрт өсті. Егер қақтығыс Парсы шығанағына немесе Ормуз бұғазына ұласса, баға одан әрі өседі.

  • АҚШ пен Еуропаның назары Украинадан бұрылуы мүмкін.

  • Израиль шабуылдары салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза табуы – Мәскеуге «Батыстың қосарлы стандарттарын» әшкерелеуге мүмкіндік береді.

  • АҚШ-тың ресурс бөлуі де өзгеруі ықтимал.

Алты ай бұрын Ресей Башар Асад режимінің күйреуіне куә болды. Сириядағы жаңа билік Мәскеуді ығыстырып, жылдар бойғы салынған ықпал мен инвестицияларды нөлге теңестірді.

Енді дәл осы жағдай Иранда да қайталануы ғажап емес. Бұл Мәскеу үшін қысқа мерзімді тактикалық табыс болғанымен, ұзақ мерзімді бедел мен ықпалдан айырылу қауіпін арттырады.

Ресейдің Таяу Шығыстағы жаңа соғыстан көруге тырысқан пайдасы – мұнай бағасының өсуі мен геосаяси назардың басқа арнаға бұрылуы. Бірақ бұл Ирандағы жобалардың күйреуі, инвестициялардың желге ұшуы, және ең бастысы – өңірдегі беделінің күрт төмендеуімен қатар жүріп жатыр.

Таяу Шығыстағы кезекті күйреу Мәскеудің халықаралық одақтастарының бірінен айырылып жатқанын айғақтайды. Украинаға жасалған шабуылдың салдары мұнымен бітпейтін сияқты.