Munarmedia.kz / 20.06.2025 / Астана-Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу мен әскерге шақыру мерзімдерінің сәйкес келмеуіне байланысты кейбір талапкерлерді емтихан нәтижелерін күтпестен әскерге алып кету қаупі бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«ЖОО-ларға қабылдау мен әскерге шақыру мерзімдері бір-біріне сәйкес келмейді. Соның салдарынан талапкерлер әлі емтихан нәтижелерін күтпей жатып, көшеден әскерге шақырылып кетіп жатыр. Жуырда Назарбаев университетіне түспек болған талапкердің жағдайы соған мысал. Әскерге шақыру заң аясында жүзеге асқанымен, мұндай жағдайлар қайталанбауы керек. Біз Қорғаныс министрлігіне шақыру мен қабылдау мерзімдерін сәйкестендіру туралы ұсыныс жолдадық. Талапкерге нәтижесін күтуге мүмкіндік берілуі тиіс. Мәселен, ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасады, ал оның қорытындылары шілденің соңына қарай белгілі болады. Біз жастарды осы мерзімдер өткен соң ғана шақырту керек деп санаймыз», — деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, әскери шақыру — мәжбүрлі шара емес, ол «Қорғаныс туралы» заңға сәйкес жүргізіледі.
Айта кетейік, жуырда Қазақстанда Назарбаев университетіне құжат тапсырмақ болған талапкерді әскерге алып кеткен. Ол дайындық бағдарламасынан өтіп, оқу орнына ресми шақырту алған және оқу жарнасын төлеген. Алайда, әпкесінің айтуынша, жігіт ешқандай шақырту қағазын немесе ескерту алмай тұрып әкетілген.
Kursiv.media-ның хабарлауынша, соңғы апталарда әскери комиссариаттар Қазақстан колледждерін аралап, рейдтер жүргізіп жатыр. Осыған байланысты даулы жағдайлар да туындауда. Мәселен, Қостанай мен Алматы облысында кейбір студенттер оқуын аяқтамай жатып, оларды күштеп әкетуге тырысқанын хабарлаған. Заң бойынша оқу үрдісі 30 маусымға дейін жалғасады.
Ал Алматы облысы, Өтеген батыр кентінде бір студент диплом қорғауға кірер алдында колледждің кіреберісінде ұсталып, бес сағат бойы әскерде болған. Кейін Қорғаныс министрлігі оның медициналық тексеруден өткенін, әскери қызметке жарамсыз деп танылып, босатылғанын хабарлады.