Жер бетіндегі орташа температура 13,23 °C-қа жетті, бұл 1991–2020 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіштен 0,79 °C-қа жоғары. Бұл туралы Еуроодақтың Коперник Климаттық Орталығы мен The Guardian басылымы хабарлады.
Ғалымдардың дерегіне сәйкес, ауа температурасы индустрияға дейінгі кезеңдегі деңгейден 1,75 °C-қа жоғары болды. Бұл соңғы бір жарым жыл бойы жаһандық орташа температураның Париж келісімі белгілеген 1,5 °C шегінен асып тұрғанын білдіреді. Сарапшылар егер бұл деңгей 20 жыл бойы сақталса, климаттық өзгерістердің салдары қайтымсыз болуы мүмкін екенін ескертеді.
Қаңтар айында ең жоғары температура Шығыс Еуропада, Ресейдің еуропалық бөлігінде, Батыс Сібірде, Аляскада және Канаданың солтүстік-шығысында тіркелді. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Францияның солтүстік-батысы мен Камчаткада ауа райы әдеттегіден салқындау болды.
Ғалымдар 2025 жыл да аномалды жылы болатынын болжайды. Олардың пікірінше, жаһандық жылыну негізінен қазба отынды жағу мен Жердің климаттық жүйесіндегі жалпы өзгерістерге байланысты.