Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Тоғыз жасар контрреволюционер

90


Сегіз жасымда оқуға түстім. Әлі есімде, тіл және әдебиет сабағы “Мао Цзэдун жасасын” “партия жасасын” дегендей қызыл ұранға толы еді. Мұғаліміміз өте мұқият екен, “бұл ұрандардың әр таңбасын әсте қате жазбаңдар” деп құлағымызға құйып бақты. Осыны айтқанда, өңі сұрланып, қабағынан қар жауып тұрды, қорыққаным сонша, бұтыма жіберіп қойдым. Мысы құрыған мұғалім мені үйіме қайтарды.

Мен мектепке қайта барудан ада-күде бас тарттым. Ата-анамның да амалы таусылып, оқуымды келесі жылға қалдырды. Келесі жылында біздің мектепте атышулы саяси оқиға болды: екінші сыныпта оқитын тоғыз жасар қыз — Цуйэр контрреволюционер ретінде айдауға алынды!

Біздің аймақ сіңірі шыққан кедей-тұғын, мектеп қаражаты оқушыларды еңбекке салудан келетін. Жоғары сыныптың оқушылары шошқа баптап, жер өңдесе, төмен сыныптың оқушылары қоян бағатын. Қоянға азық дайындау үшін, сүйектен өтер суықта бүрсең қағып, даладан шөп жинаймыз. Бізде сырмалы, мақталы шалбар түгіл қолғап та болған емес. Айлалы, ақылды балалар тышқан аулап, терісінен қолғап тіктіріп алатын. Ал тышқанның еті тіске басар азық. 

Бірде Цуйэр мен оның құрбылары бүйені майлы, бүйірі шығыңқы атжалман соғып алады, сойылған терісінен тұтас бір қолғап шығатындай ірі. Цуйэр өңі бал-бұл жайнап, “Аспан мен жер тышқан терісінен кең емес” деп қойып қалады.

Ол заманда небір қызыл әндер болушы еді, сол әндердің бірі “Аспан мен жер партияның мейірінен дарқан емес, ата мен ана Мао Цзэдуннан жақын емес” деп келетін. Ал Цуйэрдің пародиясы тосын әрі қызық сезілгендіктен, мектепте ауыздан ауызға көшіп, хит болып кетеді.  

Цуйэрдің мәтіні біздің сыныпқа да жетті, бірақ ауыз баққан мен ғана едім. Кейінірек осы іс бойынша тергеу басталғанда, сыныптағы 54 оқушыдан тек мен аман қалдым. 

Пародияның авторы — Цуйэр бірден контрреволюционер атанып, жиын сайын жер иелерімен, бай дихандармен, бұзықтармен және менің атам секілді “тарихи контрреволюционерлермен” қатар мінберге шығарылып, күреске тартылатын болды. Ортаға шығарылған ересек кісілерді қолын артына қайыра тырыстырып байлап, еңсесінен еңгезердей екі жігіт тапжылтпай басып ұстап тұратын, ал шынашақтай Цуйэрді алпамсадай азамат шашынан сүйреп әкеліп, ортаға діңк еткізіп тастай салатын. Уақыт өте келе шашы жұлынып біткен Цуйэрді “бүлікшілер” жағасынан жұлқа тартып, тамағынан сығымдап жүрді. Бірде жағасынан темір қол бүрістіре қысқан Цуйэрдің көзі аларып, есінен танып жығылғанын көзіммен көрдім.  

1972 жылдың қысында ұрандатқан науқандар азайды да, күреске алынып жүрген кісілердің біразы үйіне қайтарылды. Ал Цуйэр көнтері контрреволюционер болғандықтан, мектеп былай тұрсын, онан туған әке-шешесі де ат-тонын ала қашты, сөйтіп ол көшеге қаңғып қалды. Бірде, шамасы жылдың соңына қарай, оны мектеп дауалының түбіндегі қуыстан көзім шалды, үсті-басы алба-жұлба, андыздап қалған аз ғана шашы құйқасына жабысып, үрей тұнған жанарымен маған тіксіне қарағаны есімнен кетпейді. 

Жыл аунағаннан кейін, оны ауылдан қайта көрмедік. Үйіндегілер де оны іздей қоймады. Қаршадай қыз сол беті із-төзсіз жоғалды. Әлде үрей жайлаған сол жылдары ол өліп қалған да шығар.

— Лю Лу