Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Төлеген Бүкіров. Осмий металын алу технологиясы мемлекеттік комиссиядан өтпеді

99


 

Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын! Құрметті «Munarmedia.kz» сайтының оқырмандары. Бүгін елімізге танымал металлург, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, Жезқазған қаласы және Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровпен өткізіліген Қазақстанның металлургия саласының ахуалы туралы сұқбатымызды жариялап отырмыз.

 

Қазіргі Қазақстанның металлургия, кен саласы дамытуда көп жыл еңбек еттіңіз. Қазір металлургия саласы қандай күйде?

 

Кеңес Одағы кезінде тек қазақстанда ғана түсті металлургия министірлігі болды Одақ басшылары Қазақстан жер қойнауындағы пайдалы қазба байлықтың  мол екенін білгендіктен тездетіп өндіріп алу саясатын жүргізді. Кеңес Одағы кезінде біз тек шикізат алаңы болдық. Шығаратын өнімдеріміз концентрат пен таза металл ғана болды. Өкініштісі одан бері де өзгерген ештеңе жоқ.

Өндірілген  металдардан халық шаруашылығына қажет тауарлар өндірсе оның құны бірнеше есе өсер еді. Одан түскен мол қаражат мемлекетіміздің қоржынын толтыратыны сөзсіз. Жер қойнауындағы кен байлығы шексіз емес, ертелі-кеш түгесіледі. Кеңес Одағы кезінде геология министірлігі болды және аймақтарда геологиялық- барлау экспедициялары қарқынды жұмыс атқарды. Ақпарат құралдарындағы мәліметтерді зерделесек, Қазақ Елі егемендік алғалы 15-20 жылдай геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілмеді десе де болады. «Kazakhmys Barlau» (Қазақмыс Барлау) компаниясы 2018 жылы құрылды. Компания еліміздің бірнеше өңірінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС минералдық-шикізат базасын кеңейтуге бағытталған 47 геологиялық барлау жобасын (жалпы аумағы 20 мың км2) жүзеге асыруда.

Инвестициялардың 2019-2023 жылдар арасындағы жалпы көлемі 74 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл компания қарқынды жұмыс атқаруда, нәтижесі де жаман емес. Кенжелеп қалған геологиялық-барлау жұмыстарын Үкімет және кен өндіруші ірі компаниялар тиісті қаражат бөліп барлау жұмыстарына беру заман талабы.

Қарағанды қаласының маңында Нұрқазған, Ақбастау, Қосмұрын. Жамбыл облысында Шатыркөл, Жайсаңнан мыс кендерін өндіруде. Келешекте әлі басқа да аймақтардан пайдалы қазбалар табылады деп сенеміз.

 

Кеңес одағы кезінде Жезқазған өңірінде қандай кен орындары ашылды және оның көлемі қанша еді?

 

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев сонау 1928 жылдың өзінде -«Жезқазған аймағы әлемдегі мысқа бай аймақтарының бірі саналады. Бәлкім оған болашақта Оралдың (РФ) қазыналы өлкесі ғана емес, Американың мысты өңірлері де біріншілік алуға жол беріп қалар», - деп жазған. Не деген данышпандық. Қаныш ағамыз Жезқазған жерінде мыс кенінің көп екенін ғылыми жолдармен дәлелдеп берген.

Мыс кенінен басқа марганец, қорғасын, кварц, темір, алтын және сирек кездесетін металдардың қорын зерттеп ашқан. Кезінде Қ.Сәтбаев болжаған Жезқазған аймағында Жаман айбат, Жыланды жерлерінен мыс кені өндірілуде. Барлау жұмыстары жүргізілсе данышпан Қ.Сәтбаевтің болжамы бойынша Сымтас-1, Сымтас-2, Талдысай жерлерінен мыс кені табылуы әбден мүмкін. «Kazakhmys Barlau» копаниясы басшысының айтуы бойынша Қарсақпай кентінің жанында, Дүйсенбай өзенінің маңында құрамында мыс, мырыш, қорғасынның мол қоры бар.

Корпорация геологтарының мәліметі бойынша 1928 жылдан бері Жезқазған жер астынан бір миллиард тонна мыс кені өндірілген және осындай көлемде кедей руда бар.

  

Тәуелсіздік жылдары металлургия, кен орындарына деген саясат қандай болды. Қандай қиындықтармен кездестіңіздер?

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндіріс ошақтары үлкен дағдарысқа ұшырады. Мен сол кезеңдері Жезқазған мыс қорыту заводында цех бастығы болып істедім. Бұрынғы байланыстар үзілді, өндіріске қажетті қондырғылар, құрал-жабдықтарды шартараптан іздеуге мәжбүр болды. «Бартер» деген шықты. Базар, дүкен сөрелері күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түліктен босап қалды.

Азық-түлікті жұмыскерлерге цехта, бекітілген мөлшерде таратқан уақыт болды. Инфляция жойдасыз өсіп жатты. Электір қуаты мен шикізаттың тиісті көлемде жетіспеушілігі өндіріс ошақтарын тығырыққа тіреді. «Жезқазғантүстімет» АҚ экономикалық дағдарысқа ұшырады, «Балхаштүстімет» өндірістік бірлестігі мен Шығыс Қазақстандағы мыс өндіретін кәсіпорындар жұмысын тоқтатты.

1995 жылы «Жезқазғантүстімет» АҚ  Оңтүстік Кореяның «Самсунг» фирмасына басқаруға бергеннен кейін алып өндірістің жұмысы ырғақты жүре бастады. 1997 жылдан бастап, кезінде тұралап қалған Балхаш, Шығыс Қазақстан мыс өндіретін кәсіпорындар «Қазақмыс» корпорациясының құрамына өтті.

 

Металлургия саласында кадр дайындау мәселесі туралы айта кетсеңіз?

 

Оқу орындарының ұстаздары маған ренжімесін, еліміз егемендік алғалы арнайы және жоғары білімді мамандардың сапасы төмендеп кетті. 2014 жылы Испанияның Севилья қаласында гидрометаллургия технологиясын дамытуға арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатынастым.

Осы конференцияда, кезінде Қазақ политехникалық институтының металлургия кафедрасының жетекшісі, маған дәріс берген профессормен кездестім. Екеуара болған әңгімеде, мен профессордан «Владимир Алексеевич, Сіз көп жылдар бойы болашақ инженер-металлургтерге дәріс бердіңіз, біздің қатарымыздағы инженерлер мен кәзіргі инженерлердің айырмашылығы бар ма?»- деп сұрадым.

Профессор сәл ойланып «Тулеген в то время из 25 студентов одной группы двое или  трое были оболтусами, а остальные хорошие специалисты. Должен признаться, что последние двадцать лет выпускаются слабые специалисты, конечно среди студентов есть сильные по знанию, но их мало»,- деген еді қарт ұстаз.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев соңғы жылдары ғылым мен білімге көп көңіл бөлуде. Оның айғағы Республикамызда Ғылым және жоғары білім министірлігін құруы. Кен  өндіру оны байыту және металлургия салаларына  жұмыскер мамандығын дайындайтын колледждер көбіне жөндеуші (слесарь), дәнекерлеуші, электрик, кран машинистерін оқытып, технолог мамандарды дайындамайды.

Өткен жылы Жезқазған қаласындағы «Кен-металлургия» колледжінің жұмысымен таныстым. Бұл колледж ертеден мамандар дайындайды, оқу және өндіріс базасы да жақсы, бірақ технолог мамандар дайындамайды. Колледж директорымен сөйлестім, қандай технолог мамандар өндіріске қажет екенін айттым, колледж директорын ертіп Жезқазған байыту фабрикасы, мысқорыту және құю-механикалық заводтарының директорларымен таныстырдым.

Бір сөзбен айтқанда колледжде өндіріске қажет технолог мамандар дайындау керектігін колледж директоры түсінді және оны қолға алатынын айтты.

Президент 2-ші қыркүйектегі жолдауында «2025 жыл жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Үкімет, жергілікті басқару органдары Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асырады деген үміт бар.

 

Ардагер металлург ретінде Қазақстан Үкіметі кен байыту саласын дамытуда қандай мәселелерге басты назар аудару керек?

 

Біріншіден, геологиялық-барлау жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет, ол үшін кезінде жабылып қалған жер-жерлердегі геологиялық-барлау экспедицияларын қайта құру керек.

 Екіншіден, Кеңес дәуірінен бері жұмыс жасап тұрған байыту фабрикалары мен заводтарды заманауи қондырғылармен жабдықтап, әлемдегі алдыңғы қатардағы технологияларды меңгеріп, өндіріске енгізу қажет.

         Үшіншіден жер қойнауынан өндірілетін кен құрамындағы металдарды барынша өндіріп, өңдеу  мәселесін қарастыру қажет.

 Төртіншіден отандық ғылыми-зерттеу институттары мен  ғалымдардың өндіріспен байланысын нығайту, оларды ынталандыру тетіктерін қарастыру. Кезінде өндіріс ошақтарын басқарған инженер мамандардың білімі мен тәжрибеларін пайдалану қажет деп ойлаймын.

Бесіншіден еліміздің экономикасын жедел дамытудың жолы, ол шикізат сатудан, халық шаруашылығында пайдаланылатын дайын өнімдер шығаруға бетбұрыс жасау керек.

 

Сирек кездесетін металлдар туралы және осмий туралы айтсаңыз?

 

Жер қойнауынан өндірілетін кен құрамында негізгі металдардан басқа көптеген құнды, сирек және өте сирек кездесетін элементтер көптеп кездеседі. Соңғы жылдары Қ. Тоқаев сирек кездесетін металдарды өндіру оны өңдеу мәселелерін жиі айтып келеді.

Өткен жылдың аяғында Үкімет Қазақстанда сирек металдарды өндіру программасын қабылдады. Жезқазғандағы сирекметалдар өндірісін он жылдай басқардым. 1991-2001 жылдар аралығында Жезқазған мыс қорыту заводының өндіріс қалдықтарынан Алматыдағы Кен байыту және металлургия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе атқарған жұмыстарымыздң нәтижесінде бірнеше дайын өнім алуға қол жеткіздік.

 Олар: - рений қышқылы; - қорғасын суригі,-таза рений металы (99,99%), үш негізді қорғасын сульфаты және таза осмий металы. Тағы бір жетістігіміз мыс концентратынан перренат аммоний (рений тұзы) өндіруді жоспардағы 45% дан 67% жеткізу. Бұл металлургия саласындағы өте үлкен көрсеткіш болып табылады. Ғалымдардың дерегі бойынша жер қойнауында кездесетін ренийдің 30%, ал осмий-187 изотопының 99 % Жезқазған мыс кенінің құрамында шоғырланған ескерсек бұл металдардың монополисі Жезқазған болып табылады. Рений мен осмий Қ.Сәтбаев ашқан «Жезказганит» минералының құрамында кездеседі.

1995 жылдың 15 мамырында әлемде бірінші рет таза Осмий-187 изотопы алынды. «Құрамында ренийі бар аммиак-сульфат ертіндісінен осмий металын алудың технологиясын зерттеу және дайындау» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. 16 ғылыми жаңалығыма Қазақстан Республикасының Ұлттық патенттігінің куәліктері берілді, 57 ғылыми еңбегім отандық және шетелдік басылымдарда жарияланлы.

Жезқазғанда алынған Осмий-187 металын Германияның Тунштайын қаласындағы Фрезениюс институтының лабораториясында үш мәрте сараптама жасаттық. Үшеуінде де Осмий-187 металының химиялық тазалығы 99,9%, изотоптық көрсеткіші 99,4% болды. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш еді.  2000 жылы Осмий металын алу технологиясы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған, құрамында кіл сала ғалымдары бар комиссия мүшелері бір ауыздан қолдаған ғылыми жұмыс Мемлекеттік комиссиядан өтпей қалды.

         Комиссиядан өтпеуіне себеп болған Осмий-187 металының қолдануда болмауы екенін кейін естідік. Ғалымдар бұл металдың қолданысын табады деп сенемін.  

 

Сұқбаттасқан, Асылбек Байжұмаұлы