Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Петропавлда су тасқыны кезінде баспанасыз қалған тұрғынға көмек берілмеген

29


Қалалық әкімдік қаржының таусылғанын мәлімдеді

Петропавлда бұрын-соңды болмаған көктемгі су тасқынынан бері сегіз ай өтті. Сол уақыттан бері жоғарғы мінберлерден жарияланған жарқын статистикаға қарамастан, барлық тұрғындар баспана мәселесін шеше алған жоқ. Солардың бірі – "Заречный" шағын ауданындағы үй иесі. Кірпішпен қапталған, орталық жылу жүйесі мен су құбыры бар бұл бір қабатты ағаш үй екі отбасыға арналған еді. Бір үй иесі мәселесін шешсе, екіншісінің жағдайы мүлде басқаша қалыптасты.

Тұрғын үйінен айырылған Алёна Кожина су тасқынына дейін үйдің шатыры жаңартылып, ауқымды жөндеу жүргізілгенін айтты. Алайда көршісінің үйін бұзу туралы шешім қабылданса, Кожинаның үйіне жөндеу жүргізу жеткілікті деп танылған. Оның айтуынша, осы шешімнің әділетсіздігі туралы шағымданудан жалықпаған.

Алёна Кожина комиссия шешімін қайта қарауды талап етіп, нәтижесінде үйі тамыз айында апатты деп танылып, сүрілді. Алайда бұл тек басы ғана еді. Когинаға жаңа баспанаға өтемақы төлеу мәселесінде қиындықтар туындады. Комиссия оның үйінің жалпы ауданы 73,5 шаршы метр болса да, 62,3 шаршы метрді есепке алған. Бұл өтемақы мөлшерін айтарлықтай азайтып, тұрғынды тең дәрежелі үй сатып алу мүмкіндігінен айырды.

Сотқа дейінгі бюрократиялық рәсімдер ұзаққа созылып, комиссияның шешімін күту бірнеше айға ұласқан. Сотта әкімдіктің әрекеті заңсыз деп танылғанымен, жаңа баспана беру мәселесі шешілген жоқ. Әкімдік қаржының жоқтығын алға тартып, "Бірлік" шағын ауданында салынған үйді ұсынды. Бірақ Алёна Кожина бұл ұсыныстан бас тартты.

– Біз "Заречный" ауданында жайлы өмір сүрдік, ал "Бірлік" – қаланың ең шеткі аймағы. Ол жерден орталыққа жету көп уақытты талап етеді. Қоғамдық көлік мәселесі де толық шешілмеген. Үкіметтің қаулысына сәйкес, мен баспана таңдауға құқылымын. Бірақ бұл қаулыны әкімдік елемей отыр, – деді Алёна.

Әкімдік болса, басқа баспана сатып алу мүмкіндігі жоқ екенін, өйткені қаржыландыру болмағанын мәлімдеді. Тұрғындар баспана мәселесін шешуде әлі де  әділетсіздікке тап болуда.