АҚШ Херд және Макдональд аралдарынан келетін импорттық тауарларға кедендік салық енгізу себебін Сауда министрі Ховард Лутник түсіндірді. Бұл аралдар – пингвиндердің мекен ететін табиғи ортасы.
Аталған аралдарға 10 пайыздық кедендік салық салынатыны туралы мәлімдеме интернет кеңістігінде күлкілі мемдер мен сықақ жазбалардың таралуына себеп болды. Көпшілік Трамптың бұл шешімін пингвиндердің бойкот жариялауы немесе арқасына сөмке асынып аралды тастап кетуі туралы әзіл-мысқылмен жеткізген.
CNN арнасының хабарлауынша, Лутник бұл халқы жоқ жанартаулық аралдарды басқа мемлекеттер «артқы есік» ретінде пайдаланбас үшін тізімге енгізгендерін айтқан. Оның айтуынша, "Президент 2018 жылы Қытайға кедендік салық салғанда, Қытай өз тауарларын басқа елдер арқылы АҚШ-қа өткізуді бастаған". Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі бұл тізімді жасау кезінде жасанды интеллект пайдаланған болуы мүмкін деген пікірлер айтылғанымен, министр бұл ақпаратты жоққа шығарды.