Munarmedia 06.01.2025 /Астана/ Сарапшылардың бағалауынша, Дональд Трамп «Пандора жәшігін» ашып алды, енді оны қайта жабу оңай болмайды. Әлемдік саясат біртіндеп күшке сүйенген форматқа көшіп, бұл жаһандық геосаяси тұрақсыздықтың күшеюіне алып келуі мүмкін.
АҚШ-тың басқа мемлекеттерге қарсы күш қолдануын «әлемнің темірдей заңдары» деп атады Дональд Трамп әкімшілігі басшысының орынбасары Стивен Миллер.
«Халықаралық әдеп, дипломатиялық нормалар туралы қалағаныңызша айтуға болады. Алайда біз шынайы әлемде өмір сүріп отырмыз. Бұл әлемді күш пен қуат басқарады. Бұл – әлемнің темірдей заңдары», – деді ол CNN телеарнасына берген сұхбатында. Миллер бұл пікірін Венесуэланың уақытша президенті ретінде Делси Родригестің заңды мәртебесіне қатысты сұраққа жауап бере отырып білдірді.
Талдаушылардың пікірінше, Трамп бір мезетте бірнеше саяси міндетті шешіп үлгерді. Венесуэла басшысы Николас Мадуроға қатысты қатаң әрекеттері арқылы сыртқы саяси қысымды күшейтсе, ішкі саяси алаңда өзінің рейтингін көтеріп, Джеффри Эпштейн ісіне байланысты даулы мәселелерді жаба алды. Ал сыртқы саясатта Қытайға қарсы стратегиялық ойынын жалғастырып отыр.
Сарапшылар алдағы жылды айрықша маңызды кезең ретінде бағалайды. Олардың айтуынша, әлем жаңа трансформациялық фазаға түбегейлі қадам басты, ал геосаяси процестер бұрынғыдан да күрделі әрі болжап болмайтын сипат алуы мүмкін.