Munarmedia 06.01.2025 /Астана/ Президенттің сөзінше, ол мемлекеттік құрылыстың тікелей куәгері әрі қатысушысы ретінде тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
– Мемлекеттік құрылыстың тікелей куәгері әрі қатысушысы ретінде айтарым, осы жылдар ішінде Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолында өте үлкен жұмыс атқарылды. Әрине, жетістіктермен қатар қателіктер де болды. Онсыз болмайды. Бұл бұрын-соңды белгісіз бағытта жүріп өткен күрделі әрі қиын жол еді. Қазақстанды қолдаушылар әлемде аз болған жоқ, сонымен қатар ниеті теріс күштер де жеткілікті болды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның табысты мемлекет ретінде қалыптасқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстан серпінді дамып келе жатқан экономикасы бар, халықаралық аренада беделі жоғары табысты мемлекет ретінде орнықты. Алайда алда әлі де ұшан-теңіз жұмыс тұр. Оны тәжірибелі мамандар да, жастар да бірлесе атқаруы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан әрі Мемлекет басшысы жастар мәселесіне арнайы тоқталды.
– Біздің жастар – үмітке, күш-қуат пен оптимизмге толы, азаматтық болмысы айқын буын. Олар – болашақты ойлайтын нағыз патриоттар. Осындай оң көзқарас елге алда кездесетін сын-қатерлерді еңсеруге көмектеседі. Жастардың жігері кейде тым артық, тіпті радикалды болып көрінуі мүмкін, бірақ олардың пікірін ескеру қажет. Олар туған еліне жақсылық тілейді. Бұл – қоғамымыздағы жасампаз психологияның айқын көрінісі. Жастардың қалағанын шынайы жағдаймен шатастырмай, виртуалды емес, нақты өмірде өмір сүруі, еңбек пен тәртіпке дағдылануы, тез әрі оңай жеңістерге үміт артпауын қалыптастыру маңызды, – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңге, соның ішінде 2026 жылға басымдық берілетін бағыттарды да айқындады.
– Биыл, өздеріңіз білетіндей, атқарылатын жұмыс өте көп. Ауқымды саяси трансформацияның жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады. Елді жаңғырту үдерісі шын мәнінде қайтымсыз сипат алып, қоғамымыздың мәні мен келбетін түбегейлі өзгертуі тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірдің шындығына бейімделуі қажет. Бұл оңай міндет емес. Дегенмен халқымыздың, әсіресе жастардың, қолынан келмейтін іс жоқ екеніне сенімдімін. Биыл менің шешіміммен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл – еліміз үшін тарихи мүмкіндік. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – айрықша белес. Бұл өткен жолды сын көзбен бағалап, жаңа жоспарлар түзуге себеп болуы керек. Мерейтойды жай ғана салтанатты науқанға айналдырмай, Қазақстанның прогресінің символы ету маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент «Таза Қазақстан» бастамасына ерекше назар аударатынын айтты.
– Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясымен міндетті түрде айналысамын. Бұл жұмыс аса маңызды, өйткені ол ресурстарды сақтау, ойдың тазалығы, жалқаулықты қабылдамау, өзін-өзі дамыту, ортақ жауапкершілік, ізгілік пен қайырымдылық секілді құндылықтарды қамтиды. Біздің елдің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі. Мен бұл жалпыхалықтық қозғалысты аса маңызды идеологиялық акция ретінде қарастырамын. Өйткені тазалық ұғымы терең әрі көпқырлы мағынаға ие. Тазалық – күйреудің антонимі. Ол санада да, қоршаған ортада да болуы тиіс. Тазалық ұлттық менталитетіміздің өзегіне айналуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.