Трамп тағы өзгерді: АҚШ Украинаға қару жеткізуді қайта бастайды

55

Munarmedia.kz /Астана/ 9 шілде 2025 жыл-АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қару-жарақ жеткізуді қайта бастау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Exclusive.kz порталы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Пентагон жоғары дәлдіктегі артиллерия, зениттік ракеталар және басқа да қару түрлерін жеткізуді уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді. АҚШ қорғаныс министрлігінің айтуынша, мұндай шешім елдің қару қорларының азаюына байланысты қабылданған.

Алайда Трамп бұл позициясынан бас тартып, Пентагонға жеткізілімді қайта жандандыруды бұйырды. Ресми мәлімдемеде бұл қадам Украинаға өзін-өзі қорғауға мүмкіндік беру және «тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолында» қолдау көрсету мақсатында жасалғаны айтылды.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Парнеллдің айтуынша, бұл шешім АҚШ-тың қорғаныс саясатына сай — "Америка бәрінен жоғары" қағидаты аясында қабылданған.

АҚШ-тың шешімі Украинаның ең ауыр кезеңдерінің біріне тап келіп отыр. Соңғы апталарда Ресей армиясы дрондар мен әуе шабуылдарын жиілеткен. Тек өткен тәуліктің өзінде ресми деректер бойынша кемінде 11 бейбіт тұрғын қаза тауып, олардың арасында 7 бала бар, тағы 80-нен астам адам жарақат алған.

Өткен аптада АҚШ Украинаға Patriot зымыран кешендері, GMLRS реактивті жүйелері, Hellfire зымырандары мен гаубицалық снарядтарды беруден бас тартқан еді. Бұл шешім Киев пен оның одақтастарын тосыннан ұстаған болатын.

Дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Ақ үйде кешкі ас кезінде Трамп Ресей президенті Владимир Путинге қатысты қатаң пікір білдірді. Ол «Путинге мүлде көңілі толмайтынын» айтып, Украинадағы соғысты тез арада тоқтатуға ниетті екенін қайталады — бұл оның екінші президенттік мерзімге ұсынған басты уәделерінің бірі.

Дегенмен, Трамп әзірге Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуден бас тартатынын айтты. Соған қарамастан, ол Ресей мұнайына қарсы шараларды қарастыруға уәде берді. Атап айтқанда, Трамп америкалық сенатор Линдси Грэмге Ресей мұнайын сатып алуды жалғастырып жатқан елдерге, соның ішінде Қытай мен Үндістанға, 500 пайыздық импорттық баж салығын енгізуді көздейтін заң жобасын ұсынуға рұқсат берген.