Munarmedia.kz /Астана/ 9 шілде 2025 жыл-Украинаның әскери барлау қызметі — Қорғаныс министрлігі жанындағы Бас барлау басқармасы (ГУР) Ресей Федерациясы Армениядағы әскери қатысуын арттырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Exclusive.kz порталы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ГУР 5 шілде күні жариялаған алғашқы мәлімдемесінде Ресей Гюмридегі 102-ші әскери базадағы күштерін көбейтіп жатқанын айтып, бұл әрекетті Оңтүстік Кавказда ықпалын күшейту және жаһандық қауіпсіздікті тұрақсыздандыруға бағытталған қадам деп атаған. Сол күні Армения Сыртқы істер министрлігі украиналық барлау мәліметін теріске шығарып, мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды деп жауап берген.
Алайда араға бірнеше күн салып, украин барлауы Ресей армиясының Оңтүстік әскери округі қолбасшысының бұйрығын жариялады. ГУР-дің айтуынша, бұл құжат — Армениядағы ресейлік әскери базаны қосымша күштермен «толықтыру» жөніндегі ресми бұйрық.
Ресми Ереван бұл жолы әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей тарапынан да ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берілмеді.
ГУР-дің мәліметінше, Гюмридегі базаға қосымша контингент жіберу туралы шешім Украина тарапынан жарияланған алғашқы ескертуден кейін екі күн өткен соң қабылданған.
Ресей мен Армения арасындағы одақтастық қатынастар соңғы жылдары айтарлықтай салқындап кетті. Әсіресе 2020 жылғы Таулы Қарабақ соғысынан кейін Ресейдің қауіпсіздік кепілі ретіндегі рөліне қатысты Ереванда күмән ұлғайып, Батыспен ынтымақтастыққа бет бұру байқалды. Бұл Мәскеудің Кавказдағы әскери-саяси мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін.
Украина барлауының ескертуі осы өзгермелі ахуал фонында жарияланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, егер Ресей Армениядағы әскери қатысуын күшейтсе, бұл тек Баку мен Ереван арасындағы тепе-теңдікке ғана емес, бүкіл аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді.