Трамп: «Украинадағы соғысты тоқтата алатыныма сенімді емеспін»

23


Munarmedia.kz /Астана/ 2025 жылғы 8 шілде-АҚШ  президенті   Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі уәдесіне қатысты пікір білдіріп, бұл мәселені шеше алатынына сенімді емес екенін айтты. Бұл туралы Exclusive.kz DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Президенттікке қайта келген күннің ертеңінде соғысты тоқтатамын» деген мәлімдеме Трамптың сайлауалды науқанындағы басты уәделерінің бірі болған. Алайда кейін Time журналына берген сұхбатында ол бұл сөздерін «асыра айтылған» деп бағалап, нақты кепілден бас тартты.

4 шілде күні сөйлеген сөзінде Трамп:

«Біз талай елге көмектестік. Ал Украинадағы жағдай — Байденнің шаруасы. Бұл Трамптың ісі емес. Бірақ мен бұл соғысты тоқтатуға тырысып жатырмын», — деді.

Сондай-ақ ол Ресей президенті Владимир Путинмен арадағы әңгімеге тоқталып, көңілі толмағанын білдірді:

«Мен Путинмен сөйлескенде риза болмадым. Ол соңына дейін баруға ниетті, адамдарды өлтіруді жалғастырғысы келеді — бұл өте жаман».

Бұған дейін Трамп Ресеймен тым жұмсақ байланыс орнатқаны үшін жиі сынға ұшыраған. Дегенмен соңғы мәлімдемелерінде ол Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салуға уәде беріп отыр. Алайда оның бұл бағыттағы нақты жоспары мен ұстанымы әлі де түсініксіз күйінде қалып отыр.