Атырауда екі оқушы суицид жасады: екеуі де көпбалалы отбасынан шыққан

56

Munarmedia.kz /Атырау/ 6 шілде 2025 жыл-Атырау қаласындағы бір мектептің екі оқушысы екі күннің ішінде өз-өзіне қол жұмсап, өңір жұртшылығын дүр сілкіндірді. Қайғылы оқиғалар жазғы демалыс кезінде тіркелген. Қаза тапқандар — бір ұл бала мен бір қыз бала, екеуі де бір білім ошағында оқыған.

Мектеп директоры Айғаным Махметованың айтуынша, ұл бала жуырда ғана 9-сыныпты аяқтап, аттестат алған. Алдағы уақытта оқуын жалғастыруды жоспарлап жүрген.

«Өте ашық, мейірімді, өмірге құштар бала еді. Көпбалалы отбасындағы үшінші перзент. Ата-анасына жақын, үлкенді құрметтейтін, жолдастары арасында сыйлы болатын. Үнемі күлімдеп жүретін, мектепте ешқандай тәртіп бұзған емес», — дейді директор марқұм туралы.

Ал екінші оқушы — 10-сыныпта оқыған қыз бала. Ол да тек жақсы мінезімен, белсенділігімен көзге түскен.

«Үздік оқушы, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысатын. Өте тәрбиелі, мақсатшыл әрі мейірімді қыз болатын. Тағы да көпбалалы отбасының қызы. Не себеп болғанын біз әлі түсіне алмай отырмыз. Бұл — бүкіл мектеп үшін орны толмас қасірет», — деді директор көзіне жас алып.

Мектеп әкімшілігінің мәлімдеуінше, оқу жылы барысында суицидтің алдын алуға бағытталған түрлі іс-шаралар жүйелі түрде өткізілген: мектеп психологтарымен кездесулер, ата-аналар жиналысы, арнайы сынып сағаттары ұйымдастырылып келген.

Атырау облыстық білім басқармасы мен құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастап кеткен. Қайғылы оқиғалардың себеп-салдарын анықтау үшін сараптамалар жүргізілуде.

Қоғам белсенділері мен педагогтар қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы психологиялық күйзеліске ерекше назар аудару қажет екенін айтып, ата-аналар мен білім беру мекемелерін тығыз әрекеттесуге шақырып отыр.

• Иллюстрация: DALL-E нейрожүйесі арқылы жасалған.