Munarmedia.kz.15.07.2025 ж. /Астана/-The New York Times басылымының шолушылары АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың жаңа сауда саясаты Орталық Азиядағы геосаяси балансты өзгертуі мүмкін деп есептейді. Олардың пікірінше, Қазақстаннан жеткізілетін тауарларға 25 пайыздық импорттық тариф енгізу — Вашингтон тарапынан стратегиялық қате қадам.
Автокөлік өндірісінде таптырмас сирекжер металдарына бай Қазақстан — жаһандық жеткізілім тізбегінің маңызды буыны. Мұнай мен газдан бөлек, еліміз литий, бериллий, тантал сияқты энергия көзіне балама индустриялар үшін қажет материалдармен де белгілі. Осы ресурстарға жоғары салық енгізу арқылы АҚШ Қытайдың аймақтағы ықпалын күшейтуі мүмкін.
«Трамп әкімшілігінің агрессивті тарифтік саясаты — Қазақстан үшін бетбұрыс сәті болмақ», — деп жазады NYT.
Мақалада келтірілген дерекке сүйенсек, Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі АҚШ-пен салыстырғанда 10 есе көп. Бұдан бөлек, Қазақстан жуырда Қытаймен энергетика, аэроғарыш, ауыл шаруашылығы және электрондық сауда салаларында кең ауқымды серіктестік туралы келісімге келген.
NYT шолушылары бұл үрдісті геосаяси тұрғыдан былай түсіндіреді:
АҚШ санкциялары мен тарифтері Қазақстанды еріксіз түрде Қытайға жақындауға итермелейді. Себебі, Бейжің өз тарапынан инфрақұрылым мен нарыққа жол ашып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың бұл шешіміне ресми түрде наразылық білдіріп, Дональд Трамптың атына арнайы үндеу жолдады. Алайда Ақ үй тарапынан әзірге нақты жауап болған жоқ.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, АҚШ-пен экономикалық байланыс мейлінше шектеулі болғандықтан, мұндай тарифтік шектеулер ел үшін тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ бұл жағдай Астана мен Вашингтон арасындағы сенім деңгейіне соққы болуы мүмкін.
Саяси технолог Алмас Жұмағалиев бұл жағдайды былай сипаттайды:
«Вашингтон аймаққа ықпал еткісі келсе, санкциялармен емес, стратегиялық серіктестік арқылы әрекет етуі керек. Қытаймен терең байланысты елге қысым жасау — оны одан әрі шығысқа қарай итермелейді».
The New York Times мақаласы Трамп әкімшілігінің протекционистік саясатының Орталық Азияға әсерін айқын көрсетеді. Қазақстан — тек шикізат қоры ғана емес, геосаяси көпвекторлық тепе-теңдік ұстап тұрған ел. Мұндай қысым саясатынан ұтатын бір ғана ойыншы бар — Пекин.