Munarmedia.kz.15.07.2025 ж. /Астана/ —Әлемдік нарықтағы геосаяси текетірестер мен сауда соғыстарына қарамастан, мұнай бағасы күрт құлдыраған жоқ. Тіпті жазғы маусымдағы дәстүрлі сұраныс биыл ерекше жоғары болды. Соған қарамастан, Қазақстан Ұлттық қорына түсетін түсім көлемі күрт азайды — биылғы жылдың алғашқы төрт айында қорға 854,5 млрд теңге ғана түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға төмен.
Мұнай бағасы төмендесе де, үміт үзілмейді
Қазақстан мұнай сату арқылы экспорттық кірістің жартысынан көбін табады. Бірақ қазіргі нарықтық баға Үкімет болжамынан төмен. 2025 жылғы бюджетте мұнайдың бір баррелі 70 доллар деп есептелген еді. Алайда сәуірде Brent мұнайы 63,12 доллар, мамырда 63,90, ал маусымда 67,61 доллар деңгейінде сатылды. JP Morgan мамандары биыл орташа баға 60–65 доллар, ал АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) 2026 жылға қарай орташа 59 доллар болады деп болжап отыр.
Сұраныс өсіп келеді
Мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, әлемдік сұраныс артып отыр. ОПЕК дерегінше, 2024–2030 жылдар аралығында сұраныс 9,6 млн баррельге, ал 2050 жылға дейін 19 млн баррельге өседі. Бұл өсімнің басым бөлігі Үндістан, Азияның басқа өңірлері, Таяу Шығыс пен Африка елдерінен күтіліп отыр. Ал Қытайда сұраныс баяулайды.
Жаһандық автопарк 2024 жылғы 1,7 млрд көліктен 2050 жылы 2,9 млрд-қа дейін көбейеді деп болжануда. Оның 72%-ы ішкі жану қозғалтқышымен жұмыс істейтін болады. Бұл да өз кезегінде мұнайға деген тәуелділіктің жалғасатынын көрсетеді.
ОПЕК+ – тепе-теңдік үшін күрес
Мұнай өндіруші 18 елден құралған ОПЕК+ альянсы, оның ішінде Қазақстан да бар, соңғы айларда нарықтағы жағдайға икемделіп отыр. Олар өңделмеген мұнай өндіру квоталарын кезең-кезеңмен арттырып, сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін сақтауға тырысуда. МЭА дерегінше, альянс биыл маусымда 36,21 млн баррель өндірген. Бірақ бұл альянстың шекті өндіріс қуатынан (40,85 млн б/с) әлдеқайда төмен.
5 шілдеде өткен кезекті кездесуде ОПЕК+ елдері, соның ішінде Қазақстан, тамызда өндіру көлемін 548 мың баррельге арттыруға келісті. Дегенмен бұл көлемнің нарыққа бірден шығуы екіталай. Альянс жиі жиналып, жағдайға қарай әрекет етуге уағдаласты.
Қазақстан квотадан асып кетіп жатыр
Қазақстанға 2025 жылдың тамызынан бастап 1,53 млн баррель/тәу көлемінде өндіруге рұқсат берілсе, маусым айында елдің нақты өндірісі — 1,86 млн баррель/тәу болды. Бұған негізгі себеп — «Теңізшевройл» компаниясының Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқталуы. Қазірдің өзінде ТШО жыл басынан 9,37 млн тонна мұнай өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық.
Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ — елдегі барлық мұнай өндірісінің 65%-ын береді. Бұл кен орындарында шетелдік компаниялардың үлесі басым және өндірісті үкімет толық бақылауға ала алмайды. Сондықтан Үкімет ОПЕК+ келісімін қолдайтынын айтқанымен, нақты өндіріс басқа көрсеткіштерге жетіп отыр.
Көлем арқылы шығынды жабу
Мұнай бағасы төмендеп жатса да, Қазақстан өндіру көлемі арқылы жоғалтқан табысын ішінара өтей алады. Үкіметтің үміті — экспорт көлемін арттыру. Өйткені негізгі кен орындарының өнімдері толық дерлік сыртқа сатылады, яғни ішкі бағаның құлдырауы ел кірісіне тікелей әсер етпейді.
Ал Ұлттық қордағы түсімдердің азаюы мемлекетті жаңа кіріс көздерін іздеуге мәжбүрлеуі мүмкін. Қазірше жалғыз үміт — сапамен емес, санмен толықтыру.
Дулат Тасымов