Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Трамптың тосын стратегиясы: Дөкеңнің Кремльді тізе бүктіру жоспары жүзеге аса ма?

47



Әміриканың президенттік сайлауына түсіп жатқан екі кандидаттың өзекті саяси мәселелерге көзқарасы қызу талқылануда. Fragment осы тұста Доналд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі нақты жоспарына назар аударды.

Жоспар алғаш рет Wall Street Journal-дың 25-ші шілдедегі санында жарияланып, қыркүйек айында Нью-Йорктегі Экономикалық клубта Трамптың өз аузымен айтылды.

Жоспардың басты тармағы – Бәйден әкімшілігінің "жасыл экономика" аясындағы АҚШ-тың мұнай-газ өндірісіне енгізген шектеулерін алып тастап, әлемдік мұнай бағасын құлдырату.

Осы арқылы Ресейдің бюджетінің негізгі табыс көздерін бітеп, Кремльді соғысты қаржыландыру мүмкіндігінен айыру. Айталық, егер мұнай бағасы баррельге $60-тан $30-ға дейін түссе, Ресейдің бюджеттік кірістері шамамен екі есе қысқарады. Ендеше Пүтин үшін соғысқа қажетті қаржы табу қиынға соғады деген сөз.



Трамптың осынау жоспары 80-ші жылдардың соңында Ақ үйдің Кеңес Одағына қарсы қолданылған стратегиясына ұқсас. Сол тұста әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуі Одақтың экономикалық жағдайын нашарлатып, Михаил Горбачев АҚШ президенті Рональд Рейганның аяғына жығылған. Нәтижесінде, "қырғи қабақ" соғыс аяқталып, Кеңес Одағы ыдырап тынған еді. Дөкең дәл осы әдісті қолдану арқылы Ресейге қысым көрсетуді ұсынып отыр.

Трамптың бұл идеясы Украинадағы соғысты тоқтатудың тың әдісі болғанымен, оппоненттері оны "Ресейге қолдау көрсетеді" деп жиі сынайды. Трампқа қатысты "Путиннің досы" деген пікірлер әлемжеліні әлі күнге кезіп жүр.



Алайда, өткенге көз жүгіртсек, Обама-Бәйден әкімшілігінің Ресейге қатысты саясаты әлдеқайда "жұмсақ" болғаны айқын көрінеді. Мысалы, 2009 жылы басталған әйгілі "перезагрузка" бағдарламасы Кремльмен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған болатын. Бұл АҚШ-тың сол тұстағы ұлттық мүдделерінің нәтижесі еді. Бұл саясат Бейжіңнің экспанциясын тежеу мақсатында Ресейді қолдауды көздеген "кері Киссинджер жоспары" (The Reverse Kissinger) ретінде сипатталады. 1970-жылдары Генри Киссинджер дипломатиялық әдістер арқылы АҚШ-тың Қытайды қолдауын бастап, сол арқылы Кеңес Одағына қарсы тұруға күш салған-тын.

Иә, Бәйден-Хәррис әкімшілігі соңғы екі жыл Украинаға әскери және қаржылай көмек көрсетуде. Бірақ оның әсері аздау болып тұр. Зеленский бұған дейін Батыстың Украинаға қажетті деңгейде көмек көрсетпейтінін айта келе, батыстық қару-жарақты Ресей аумағына қолдануға тыйым салуы Киев үшін үлкен шектеу екенін атап өткен.

"Кремль кез-келген қаруды еркін пайдалана алады, ал Украина өзіне тиесілі қарумен жауап қайтара алмайды..." деген Киев бұл жағдайды "абсурд" деп атаған.



"Трамптың "Украинадағы соғысты тоқтату жоспары" қарапайым әрі тиімді болып көрінуі мүмкін, алайда бұл шешім қаншалықты тез нәтиже берері белгісіз" деп пайымдайды Fragment.

Бәйден әкімшілігінің Зеленский сынға алған стратегиясы да Киевке толық жеңіске жетуге мүмкіндік бермей отырғанын аңдауға болады. Соғысты тоқтату мәселесінде екі үміткер де өз жолдарын ұсынып отыр, бірақ кімнің жоспары шынайы нәтиже берері уақыт еншісінде.