Munarmedia.kz 25.02.2026 /Астана/ - Түркістан облысында Байдібек ауданы білім бөліміндегі бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) мәліметінше, 18 адамнан тұратын ұйымдасқан топ — бөлім басшылары, бухгалтерлер мен экономистер — бірнеше жыл бойы ауданға қарасты 49 мектепке еңбекақы мен түрлі төлемдер бойынша берілетін қаржыға өтінімдерді әдейі көбейтіп отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, электронды жүйелерге жалған мәліметтер енгізіліп, «өлі жандар» көрсетілген немесе есептелетін сомалар қолдан өсірілген.
Қылмысты жасыру үшін жалған бұйрықтар, табельдер мен есеп айырысу парақтары рәсімделген. Қаражат туыстары мен таныстарының атына ашылған есепшоттарға аударылып, кейін өзара бөлініп отырған.
Жалпы келтірілген шығын көлемі 583 миллион теңгеден асқан. Тергеу барысында бұл қаражат толық көлемде мемлекетке қайтарылған.
Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы төрт айыпталушыға рақымшылық актісіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы шешім шығарылды.
Құзырлы органдар мұндай заңбұзушылықтарға жол берген тұлғаларға қатысты бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.