Түркия түркі халықтары үшін «шетелдік» мәртебесін жойды

80

Munarmedia.kz.15.10.2025 /Астана/-Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елдері азаматтарына арналған еңбек және кәсіпкерлік тәртібін жеңілдету туралы жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи шешім Түркия мен түркі мемлекеттері арасындағы интеграцияны жаңа деңгейге көтеріп, еңбек көші-қоны саласындағы шекараларды кеңейтті.

Енді Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстан азаматтары Түркияда азаматтық алмай-ақ немесе күрделі рұқсат рәсімдерінен өтпей-ақ жұмыс істеуге және бизнес ашуға мүмкіндік алады.
Тек бір шектеу бар – түркі елдерінің азаматтары Түркияның қарулы күштері мен құқық қорғау органдарында қызмет ете алмайды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, түркі мемлекеттерінің азаматтарына еңбек ету құқығын алу үшін:

  • Түркияда тұрақты тұруға рұқсаты (вид на жительство) болуы тиіс;

  • кәсіби қызметінде қауіпсіздікке қатер төндірмеуі қажет;

  • шетелде алынған біліктілік сертификаттарының баламалылығын растауы тиіс;

  • және, ең бастысы, түркі қауымдастығына тиесілі екенін дәлелдеуі қажет.

Бұл азаматтар түрік әріптестерімен тең дәрежеде кәсіби ұйымдарға тіркелуге міндетті, бірақ сайлау процесіне қатысу құқығы берілмейді.

Бұл шешім 2025 жылдың 7 қазанында Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінен кейін қабылданды. Саммит барысында мемлекет басшылары экономикалық интеграцияны тереңдету, ортақ еңбек нарығын қалыптастыру және түркі әлемінде еркін қозғалыс тетіктерін жеңілдету жөнінде ортақ мәлімдеме жасаған еді.

Ердоғанның жарлығы сол уағдаластықтардың нақты іске асқан алғашқы қадамы болып отыр.

Анкараның бұл бастамасы түркі елдері арасындағы сенім мен тарихи туыстыққа негізделген серіктестіктің айқын көрінісі. Түркия сарапшыларының айтуынша, бұл қадам экономикалық әріптестікті жандандырып, түркі еңбек нарығын біріктіруге жол ашады.

Саясаттанушылар мұны «жұмсақ шекаралар мен ортақ еңбек кеңістігі» тұжырымдамасының бастамасы деп бағалап отыр.

Түркияның жаңа шешімі – саяси символ ғана емес, практикалық маңызы зор тарихи акт. Ол түркі мемлекеттерінің азаматтарына еркін қозғалыс, ортақ экономикалық кеңістік пен мәдени тұтастықтың нақты мүмкіндігін береді.

Бұл – түркі интеграциясының жаңа дәуірін ашқан шешім.