28.05.2026. Munarmedia.kz. АСТАНА — Түркияда тұратын ауғандық өзбек саясаткерлерінің «Оңтүстік Түркістан» атты мемлекет құру туралы мәлімдемелері Ауғанстан қоғамында қызу пікірталас тудырды. Кейбір сарапшылар бұл бастаманың артында Түркияның ұлттық барлау ұйымы — MİT тұруы мүмкін деген болжам айтуда.
«Оңтүстік Түркістан» тақырыбын алғаш көтергендердің бірі — Ауғанстанның Фарьяб провинциясының бұрынғы губернаторы Накибулла Фаик. Оның бастамасын республикалық кезеңдегі экс-шенеуніктер Сардор Рахмон Угли, Ахмад Таянч және Бобур Фарахманд қолдаған.
Фаик өз мәлімдемесінде Ауғанстандағы түрлі этникалық топтар арасында тарихи-этникалық жобалар туралы идеялар бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, тәжік диаспорасында «Хорасан», пуштун ортасында «Пуштунистан», ал хазар қауымында «Хазаристан» идеялары талқыланып келеді.
Саясаткерлердің бұл мәлімдемелері Түркі мемлекеттері ұйымының Қазақстанның Түркістан қаласында өткен бейресми саммитімен және АҚШ пен Ресей басшыларының Қытайға жасаған сапарларымен тұспа-тұс келді.
Telegram желісіндегі «Caucasus-Iran Hub» арнасы бұл мәлімдемелердің артында Түркия барлауы — MİT тұруы мүмкін деген нұсқаны ұсынды. Арна мәліметінше, Накибулла Фаик пен Ахмад Таянч Ауғанстандағы этникалық өзбектердің ықпалды көшбасшысы, «Джунбиш» партиясының жетекшісі генерал Абдул Рашид Дустумға жақын тұлғалар саналады. Дустумның Түркиямен байланысы бұрыннан белгілі.
Арна авторлары Түркия Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерін ықпалдастыруға мүдделі екенін және Ауғанстанның солтүстігіндегі ықпалын күшейтуге ұмтылып отырғанын жазған.
Сонымен қатар, «Оңтүстік Түркістан» идеясы Ауғанстандағы бірқатар топтардың, әсіресе тәжік қауымының сынына ұшырады. Олар мұны елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік жоба ретінде бағалаған.
Бұл пікірді тәжік қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың идеяларымен байланыстырылатын «Сангар» басылымы да қолдады. Бас редактор Фарид Ахмадтың айтуынша, аталған саясаткерлердің ішінде тек Ахмад Таянчты ғана Дустумға жақын тұлға деуге болады.
Журналистің сөзінше, Дустум айналасындағы өзге ықпалды тұлғалар «Оңтүстік Түркістан» мәселесіне қатысты пікір білдірмеген. Сондай-ақ түрік арнайы қызметтері бұл бастамаға ауған түрікмен саясаткерлерін тартуға тырысқанымен, олар үнсіз қалған.
Фарид Ахмад бұл жобаны нақты саяси жоспардан гөрі ақпараттық-медиалық науқан деп есептейді. Оның пікірінше, бұл бастама 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін қолдауға және АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Қытайға жасаған сапарлары аясындағы геосаяси ахуалға байланысты пайда болған.
Сондай-ақ ол АҚШ арнайы қызметтері де «түркістандық медиакампанияға» жанама түрде қатысы болуы мүмкін деген болжам айтты. Оның пікірінше, бұл Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мәселесі арқылы Бейжіңге қысым жасау әрекеті болуы ықтимал.
«Сангар» бас редакторы Ресей, Қытай және Иран өңірдегі түркі интеграциялық жобаларына сақтықпен қарайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл елдер Ауғанстанның солтүстігінің Түркия немесе Батыс ықпалына өтуіне жол бермейді.
Сонымен бірге ол Орталық Азия мемлекеттері Түркияны «аға мемлекет» ретінде қажет етпейтінін, аймақ елдері өз алдына дербес әрі жеткілікті әлеуетке ие екенін айтты.
«Өзбек саясаткерлерінің екінші буыны саналы түрде немесе бейсаналы түрде ауған өзбектерін үлкен геосаяси текетірестің ортасына итермелеуде. Олар белгілі бір кезеңде шетелдік арнайы қызметтердің тапсырмасын өте шебер орындады. Бірақ талибтер мұндай әрекетті кешіреді деп ешкім кепілдік бере алмайды», — деді Фарид Ахмад.
#Ауғанстан #ОңтүстікТүркістан #Түркия #MIT #АбдулРашидДустум #ТүркіМемлекеттеріҰйымы #геосаясат #ОрталықАзия #Munarmedia #Астана