Украинада құлдық еңбекке жегілген 13 өзбекстандық босатылды

52

Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/ Украинаның Киев облысында азаматтарды құлдықта ұстаған қылмыстық топ құрықталды. Олар Өзбекстан азаматтарын ауылшаруашылық кәсіпорындарында мәжбүрлі түрде жұмыс істеткен. Бұл туралы елдің Ұлттық полициясы мен Бас прокуратурасы хабарлады.

Тергеу деректеріне сәйкес, құлдық еңбек схемасын Украинада уақытша тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы ұйымдастырған. Оған тағы екі қытайлық, Таиланд азаматшасы және бес украиндық көмек көрсеткен. Прокуратураның хабарлауынша, күдіктілер арасында Өзбекстан азаматы да бар.

Украин құқық қорғаушыларының мәліметінше, шетелдегі делдалдар арқылы 13 өзбекстандыққа жоғары жалақы уәде етілген. Алайда Украинаға келген соң олардың төлқұжаттары тартып алынып, Киев облысындағы екі агрокәсіпорында күштеп жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Жәбірленушілердің еңбек және тұрмыс жағдайы «өте қорлайтындай» болған, ал олардың қозғалысы қатаң бақылауға алынған.

Аталған факті бойынша «адам саудасы» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыс үшін ең жоғарғы жаза – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Тінту барысында тәркіленген мүліктің ішінде шамамен 3 млн гривна көлеміндегі қаражат, бес автокөлік, банктік карталар және өзбекстандықтардың төлқұжаттары бар.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Украинаға ресми нота жолдап, өз азаматтарының құлдықта ұсталуы бойынша қатаң наразылық білдірді. Сонымен бірге ведомство өзбекстандықтарға Украинаға барудан уақытша бас тартуды ұсынды.

Қазіргі таңда босатылған 13 азамат Киев облысындағы медициналық мекемелердің бірінде дәрігерлердің бақылауында. Украинадағы Өзбекстан елшілігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр: консулдық және құқықтық көмек көрсетілуде, сондай-ақ отандастарды елге қайтару процесі дайындалып жатыр.