Жетісуда жасырын діни топ әшкереленді

62

Munarmedia.kz 22.09.2025 /Астана/ Жетісу облысында құқық қорғау органдары жасөспірімдерді құпия діни сабақтарға тартқан топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Тергеу барысында анықталғандай, аталмыш топ өз қызметін қайырымдылық мекемелері мен пансионаттар атын жамылып жүргізген. Алайда Талдықорған қалалық соты биылғы наурыз айында бұл ұйымдарды заңсыз деп танып, жабу жөнінде шешім шығарған болатын. Соған қарамастан, олар жасырын түрде жұмысын жалғастырып келген. Арнайы тексеріс кезінде жатақхана ретінде пайдаланылған ғимараттардан шетелдік діни әдебиеттер мен оқу құралдары табылды.

Ұйымдастырушы кәмелетке толмағандарды заңсыз діни рәсімдерге тартқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар төрт «ұстаз» тіркеусіз тұру фактісі бойынша әкімшілік жазаға ілікті. Ал жасөспірімдердің ата-аналарына балаларының тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмегені үшін айыппұл салынды. Ата-анасы басқа өңірде тұратын бір жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді.

Қазіргі уақытта күдікті ұйымдастырушыларға қатысты тексеріс жалғасуда. Қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын полиция өкілдері мәлімдеді.